Елімізде баспана мәселесін шешетін бағдарлама әзірлеу ұсынылды
Депутат Динара Наумова мүгедектігі бар азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отырғанын айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның берген дерегі бойынша, бүгінгі таңда құзырлы мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сәйкес, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 719 291 адам. Ал мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде мүгедектігі бар 80 230 азамат тіркелген.
Депутат осы мәселеге қатысты азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатқанын жеткізді. Кейбір азаматтар баспана алу үшін 15-20 жыл кезекте тұруға мәжбүр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кейбір елдерде құрылыс компаниялары жаңа құрылыс жобалары шеңберінде әлеуметтік қажеттіліктерге белгілі бір тұрғын үй көлемін бөлуді талап ететін табысты тәжірибе бар. Мемлекет, өз кезегінде, құрылыс саласын қолдау және ынталандыру үшін түрлі жеңілдіктер жасай алады. Әлеуметтік жағынан осал азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және құрылыс саласын дамытуды ынталандыру мақсатында осындай тәжірибені елімізде қолдану мүмкіндігін қарастыруға болады, - деп айтты Динара Наумова.
Ол Қазақстан түрлі халықаралық келісімдердің қатысушысы ретінде әлемдік деңгейде мүгедектертігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша міндеттемелер алғанын ерекше атап өтті. Бұл міндеттемелер ерекше маңызға ие және біздің еліміз оларды өмірдің әртүрлі салаларына, соның ішінде тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердің барлығына қолжетімділік үшін тең мүмкіндіктерге кепілдік бере отырып, белсенді және дәйекті түрде жүзеге асыруға міндетті.
Депутаттар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің ағымдағы жай-күйі мен қажеттіліктерін ескере отырып, сондай-ақ әлемдік тәжірибені ескере отырып, мынадай ұсыныстар жолдады:
1. Осы мәселені шешу аясында нәтижелі әлемдік тәжірибені қолдану мүмкіндігін қарастыру.
2. Кеңірек қолдау көрсету және тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарды бірінші кезектегі тұрғын үйге құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыру.
3. 1, 2, 3 топтағы мүгедектерді, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарды олардың басымдығына қарамастан тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мамандандырылған ипотекалық бағдарламаларды әзірлеу қажет.