Елімізде балалардың мүгедектігін ерте анықтау үшін не істеледі? – министр жауабы

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы 7 жылда диагностикалық әдістердің өзгергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы 7 жылда балалар мүгедектігінің құрылымында диагностикалық әдістердің жетілдірілуіне және жаңа әдістердің енгізілуіне байланысты бірқатар өзгеріс бар. Атап айтсақ, туа біткен ақаулар және хромосомалық ауытқулар санаттағы мүгедектік 5,2%-ға, жүйке жүйесінің аурулары 1,7%-ға төмендеді. Бүгінгі таңда жүйке жүйесінің аурулары балалар мүгедектігінің құрылымында жетекші орын алады, - деді ведомство басшысы.

Елімізде жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балаларда мүгедектіктің ерте белгілерін анықтау үшін скринингтің 4 түрі жүргізіледі:

1) жаңа туған нәрестелерде фенилкетонурияны және туа біткен гипотериоз белгілерін анықтау үшін неонаталды скрининг;

2) есту қабілетінің бұзылуын анықтау үшін аудиологиялық скрининг; 

3) шала туылған нәрестелерде ретинопатия патологиясын анықтау үшін офтальмологиялық скрининг (шала туылған нәрестелердің 5 590 (99,2%) қамтылды, оның ішінде көрсетілімдер бойынша 388 (37,4%) шала туылған нәрестеге оперативтік ем жасалды;

4) жаңа туылған нәрестелерде және 5 жасқа дейінгі балаларда психофизикалық дамудың бұзушылығын анықтау үшін психофизикалықскрининг (қаралуы тиіс 92% (1 732 426) бала қамтылды).

2025 жылдан бастап 16-17 жасқа толған бойжеткен қыздарда арқа-бұлшық ет атрофиясына тасымалдаушылық белгілерін анықтау мақсатында скрининг енгізіледі. Жыл сайын шамамен 4,5 млн бала профилактикалық қарап-тексерумен қамтылып, анықталған аурулары бойынша есепке алынады, - деді Әлназарова.

Бұған дейін Еңбек министрі соңғы 3 жылда балалар мүгедектігі 11,4%-ға өскенін айтқан еді. Сондай-ақ Светлана Жақыпова мүгедектікті бар азаматтар үшін қолайсыз өңірлерді атады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы