Елімізде 9 мыңға жуық кен орны бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ЭГТРМ Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдегі пайдалы қазбалардың мемлекеттік теңгерімізде 8711 кен орны бар.
Олардың ішінде, көмірсутек бойынша – 317, қатты пайдалы қазба – 910, жалпы таралған пайдалы қазбалар бойынша 3160 және жерасты суы кен орындары – 4324. Мұнайдың А+В+С1+С2 санаттары бойынша теңгерімдік қоры 4,4 млрд тонна, газ қоры – 2,1 трлн м3, конденсат – 416,2 млн тоннаға тең. Осы орайда олардың басым көпшілігі – 75%-ы – Атырау мен 11%-ы Маңғыстау облыстарында екенін айта кеткен жөн. Көмірсутек шикізаты қорының 68%-ы 3 ірі кен орындары: Теңіз, Қашаған мен Қарашығанаққа тиесілі, - деп атап өтті комитет төрағасы.
Сонымен қатар ол алтын кен орындарының қоры қай өңірде басым екендігін айтты.
Жалпы пайдалы қазбалар қорын есепке алу 103 компонент, оның ішінде көмірсутекті шикізат бойынша - 7, қатты пайдалы қазбалар бойынша - 61, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - 32, жерасты сулары бойынша - 3 компонент бойынша жүргізіледі. Алтын кен орындарының негізгі қоры – 36%-ы Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған. Ал Ақмола облысында - 21%, Қарағанды облысында – 11% алтын қоры бар. Мыс қорының 82%-ы елдің шығыс және орталық өңірлерінде көп. Қорғасын-мырыш кен орындарының 41%-ы орталық Қазақстанда, 33%-ы Шығыс Қазақстанда және 21%-ы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талғат Сатиев алтын, мырыш, қорғасын бойынша елімізде жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік бар екендігін айтқан болатын.