6 Қазан 2026, 11:23 Фото: gov.kz

Елімізде 600 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам «көлеңкелі» экономикадан шығарылды

Қазақстанда экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығару бағытында цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа тетік аясында цифрлық платформа салық агенті ретінде жұмыс істеп, 4% мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады.

Бүгінде бұл жүйеге Yandex, inDrive, Wolt, Glovo және басқа да платформаларды қоса алғанда, 38 цифрлық платформа қосылған.

Нәтижесінде ресми жұмыспен қамтылғандардың саны 14,5 мыңнан 805 мың адамға дейін өскен. Ал әлеуметтік төлемдер көлемі 1,4 млрд теңгеден 16,1 млрд теңгеге дейін артты.

Сонымен қатар 600 мыңнан астам тіркелмеген тұлға ресми экономикалық айналымға қосылған.

Министрдің айтуынша, бұл цифрландырудың экономиканы бақылаумен ғана шектелмей, азаматтар мен бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей, қызметін заңдастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Осылайша, цифрландыру экономиканы бақылаумен ғана шектелмей, азаматтар мен бизнес үшін қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей, оны заңдастыруға мүмкіндік береді, – деді Мәди Такиев.

Айта кетейік, министр бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қаржыны бірыңғай цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, цифрландыру нәтижесінде бюджетке 410 млрд теңге қосымша түсім түскен.