Елік аулауға шыққан: Ақмола облысында аңшылық кезінде ер адам оқ тиіп көз жұмды
Қайғылы оқиға 6 қыркүйекте болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Көкшетау тұрғынының мылтығынан атылған оқ 64 жастағы ер адамға тиген.
Ақмола облысының Зеренді ауданында аңшылық кезінде қарудан абайсызда оқ атылып, 64 жастағы ер адам қаза тапты. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ақмола облысы Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясына берген жауабында растады.
Оқиға 6 қыркүйек күні Зеренді ауданы аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алты адамнан құралған топ елік аулауға шыққан. Аңшылық тиісті жолдамалар мен рұқсаттар негізінде жүргізілген.
Алдын ала анықталғандай, аңды қаумалау кезінде аңшылардың бірі алда, екіншісі оның артында жүрген. Сол сәтте Көкшетау қаласының тұрғынына тиесілі аңшылық мылтықтан абайсызда оқ атылып, оқ 64 жастағы ер адамға тиген. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қарудың иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқтың не себепті атылғаны, сондай-ақ аңшылыққа қатысқан адамдардың әрекеттері мен оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.
Тергеу нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін де Атырау облысында түнгі аңшылық кезінде ер адам серігін абайсызда атып өлтірген болатын.