Елді 28 жыл басқарған Эмомали тағы да сайлауға қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәжікстанның халық демократиялық партиясы қазіргі басшы Эмомали Рахмонды президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Мұндай шешім бейсенбі күні өткен партия съезінде қабылданған.
Партияның орталық атқару комитетінің жетекшісі Абдурахмон Хонов Азаттықтың Тәжік қызметіне съезге мыңнан астам делегат қатысты деп айтқан. Онда негізінен президент сайлауына кандидат ұсыну және оның бағдарламасын бекіту мәселесі талқыланған.
Бұған дейін Рустам Латифзода (Аграрлық партия), Абдухалим Гаффоров (Социалистік партия), Саидджафар Усмонзода (Демократиялық партия) және Рустам Рахматзода (Экономикалық реформа партиясы) кандидат ретінде тіркелген еді.
11 қазанда өтетін саяси науқан – тәуелсіз Тәжікстан тарихындағы алтыншы президент сайлауы. Осыған дейінгі бес сайлаудың бәрінде Рахмон жеңген. Ол 2013 жылғы сайлауда 84 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Халықаралық ұйымдар мен батыс елдері бірде-бір сайлау әділ әрі демократия принциптеріне сай өтпеді деп мәлімдеген.
Эмомали Рахмон билікте 28 жыл отыр. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылар Рахмон Тәжікстанда билікті сынаушыларды қудалап, адам құқығын бұзды, сөз бостандығы мен діни бостандықты шектеді деп сынайды. Оның балалары мен жақындары биліктегі негізгі қызметтерде отыр. Ұлы Рустам Эмомали – елде сенат спикері ретінде билік иерархиясындағы екінші адам.
Тәжікстанда президент 7 жылға сайланады. Дауыс берушілердің 50 пайызы қатысқан сайлау өтті деп есептеледі.