Бүгiн 2026, 12:39 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Елдеріміз арасында қандай да бір даулы мәселе жоқ – Тоқаев

Тоқаев Путинмен келіссөзде Қазақстан мен Ресей арасында даулы мәселе жоқ екенін айтты. Президент қандай бағыттарды атады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Владимир Путиннің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше сипатын және оны одан әрі дамытуға деген берік ұстанымды көрсететінін айтты.

Сіздің сапарыңызды мемлекеттеріміз арасындағы қатынастардың ерекше сипатының, оларды жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында одан әрі дамытуға деген берік ниеттің айғағы ретінде қарастырамыз. Қазақстан үшін Ресеймен достық әрі жақын байланыстардың маңызы айрықша. Мұны Сіз де жақсы түсінесіз, біз де жақсы түсінеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, екі елдің бірлескен күш-жігері мен өзара іс-қимылының арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді.

Бұл байланыстар мемлекетаралық қатынастардың үлгілі үлгісі деуге болады. Жаңа ғана шағын құрамда өткен табысты келіссөздер біздің көпқырлы әріптестігімізді нығайтуға өзара мүдделі екенімізді тағы да растады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасында шешілмеген немесе даулы мәселелер жоқ екенін атап өтті.

Біздің елдеріміз арасында қандай да бір даулы мәселелер жоқ. Керісінше, барлық бағытта оң динамика бар. Біз ынтымақтастығымызды үздіксіз дамытып, оны жаңа әрі нақты жобалармен толықтырып келеміз, – деді Президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми түрде қарсы алды.