Алпыс жыл бұрын Елбасымен бірге еңбек еттім – ШҚО тұрғыны
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Заңғар биікті бағындыруда қандайда бір жетістікке жету жолын нұсқаған Елбасының сөзін өмірлік қағида еткен жармалық Әділхан Мұқатаев алпыс жыл бұрын Теміртаудағы шойын қорыту зауытында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен иық тірестіре еңбек еткен азаматтың бірі.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Жарма ауданына қарасты Әуезов кентінде тұрады. Елбасымен дан құрдас азаматтың туған жері Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылы. Сұрапыл соғыс жылдары дүниеге келген ол, өкінішке қарай майданнан қайтпаған әкенің мейірімін көре алмады. Десе де ел қатарлы білімін алып, терезесін өзгелермен тең қыла білген бозбала өз жасындағылардың арасында ширақ болға. Жастайынан алғыр әрі өзгерістерге құштар болған ол – 1959 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Ақсуат ауданындағы Көкжыра мектебін тәмамдаған соң, Қазақстанның Ленин комсомолы үндеуіне үн қосып, Қазақстан магниткасына жол тартады. Бір ерекшелігі, ол аталмыш кәсіпорынға жолдамамен барған алғашқы қазақ жастарының бірі еді.
Біз мектепті аяқтаған жылы еліміздің комсомол ұйымы "Жастар - Қазақстанның алғашқы шойынын өндірісіне бір кісідей үлес қосайық!" деген үндеуін жарияланған болатын. Сол кезде мектеп директоры қызметін атқарған белгілі ұстаз, профессор Қабдырашид Қайымов деген азамат біздің осы үндеуге қосылуымызды қалады. "Қазағым-ау, қазағым, мал өсірдің мыңғыртып, миллиардтап алдың астықты, енді біздің жеріміздің қойнауында пайдаланылмай жатқан байлығымызды жас ұрпақ кәдесіне жаратайық. Барлығың Теміртауға барыңдар" деген оның сөзіне ерген біз бір сыныптағы 36 оқушы бірден Теміртау қаласына аттануды жөн санадық. Дегенмен, бұл арман тек арамыздағы бесеуімізге ғана бұйырған екен. Көкжыра мектебінен бес, Ақсуат мектебінен бір бала іріктелген соң комсомол ұйымының жолдамасы арқылы Магнитогорск қаласындағы үш айлық металлургтер курсын тәмамдадым. Құрдастарыммен жұмысшылар жатақханасында қоныстандық. Жасым болса әлі де он сегізге тола бермеген кез еді. Тәжірибем жоқ болғанмен, мықты тәлімгерім болды, - дейді Әділхан Мұқатаев.
Жұмыстың қыры мен сырын еңбек ете жүріп үйреніп-білген жас жігіт туған ұясын, анасын сағынумен болды. Зауыттың ауыр жұмысына шыдамаған ол бір кездері ауылына қайтуды ойлап, жинала бастаған. Тағдырдың жазғаны болар – өстіп ауылына жиналған Әділхан ағамыз бір күні зауыт жанынан Нұрсұлтан Назарбаевты жолықтырады. Бұл кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртау қаласындағы комсомол ұйымының хатшысы қызметінде жүрген. Екеуара әңгімелескен кезде Әділхан өзінің қиналып жүргенін, ауылға қайтуға бел байлағанын айтады. Алайда, болашақ Елбасы оның өмір жолын мүлдем басқа арнаға бұратын мынадай кеңес берген екен:
Әділхан, екі қолға бір күрек қай жерден болсын табылатыны белгілі. Бірақ өзің қыр-сырына қанық әрі жұмыс істей алатын домна пеші Ақсуатта бар ма?! Бастаған ісіңді аяқсыз қалдырма! Оның үстіне, өзің де көріп жүргендей зауытта өзің сияқты қазақ жігіттері тым аз. Егер қазіргі жұмысың соншалықты ауыр болса, оқу оқып, цехтың жылу орталығына электрші маман болып ауыс, - деп замандасы ақыл қосады.
Нұрсұлтан Әбішұлының ақылына тоқтаған Әділхан ағамыз жаңа әрі өзіне ұнайтын кәсіпке ауысады. Көп ұзамай әскер қатарына шақырылған ол Отан алдындағы борышын өтеп болғаннан кейін, отбасы жағдайына байланысты Теміртауға қайтып оралмады. Туған жерге тіке тартқан жас жігіт Елбасының алпыс жыл бұрын берген кеңесін өмірлік қағидат етті.
Біз теміртаудағы шойын қорыту зауытының алғашқы шойын құймаларын алған топ боламыз. Алғаш рет төрт құйма құйылды. Бізбен бірге Ақсуат орта мектебінен аттанған Амантай Жүнісов есімді құрдасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар тұрып, сол төрт шойын құймасының бірін құйды. Әлі есімде, болашақ Елбасының құйған шойынының шетінде тарының көзіндей шлак қалған болатын. Қалғандары майда құйылды. Міне Нұрсұлтан Әбішұлының құйған шойынының бір өзгешелігі осыда болды. Шойын құймаларын алу кезіндегі салтанатты шеруде Көкжыра мектебінен барған бесеуіміз 15 Одақтас мемлекеттердің бесеуінің туын ұстап тұрдық, - деп қосты Әділхан Мұқатаев.
Кейінгі жылдары Талдықорған қаласындағы индустриялдық-педагогикалық техникумға оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Әділхан ағамыз өндірістік оқыту саласының шебері атанған. Ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етеді.
Бүгінде Ақсуат өңірінен аттанған алты адамның екеуі ғана қалдық. Олар Сәлім Рақымжанов пен мен. Барлығымыз болашақ Елбасымен бірге бір зауытта еңбек еттік, құрдасымызды мақтан тұтып, оның жеткен жетістіктеріне үнемі қуанып жүрдік, – дейді Әділхан Дүйсенбайұлы.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы зауытта бірге істеген достары мен әріптестеріне үнемі үлгі бола білген. Қай уақытта болмасын қарапайымдылығынан танбаған қазақ жігіті Қазақстан магниткасы жұмысының еселеп артуындағы символына айнала білді. Жалындаған жастар Теміртаудағы домна пешін екі-ақ жылда іске қосып, алғашқы шойын құймаларын алып үлгерді.
Әділхан аға жұбайы Айманкүл Дүйсенбекқызымен отасқан жылдары тоғыз баланы өсіріп-жеткізіп, бүгінде 20 немере мен алты шөберенің ата-әжелеріне айналған. Замандасының жетістігіне әрдайым қуанып отыратын ол Елбасының атымен байланысты әр мерекені мейлінше абыроймен атап өтуге тырысады. Әділхан Дүйсенбайұлы бірнеше рет президенттік сайлау науқаны кезінде Елбасының еңбегін Тарбағатай, Жарма аудандарының жұртшылығына кеңінен насихаттап, Әуезов кентіндегі сайлауалды штабта сенімді өкілі болуды дәстүрге айналдырған. Қолындағы жәдігерлер мен құнды құжаттарды шағын мұражай іспетті бұрыштарға қойып, ауылдастарына таныстыруда. Оның ендігі арманы – өмір бойы жинаған құнды жәдігерлер мен құжаттарды Теміртау қаласындағы, сондай-ақ Астанадағы Президент мұражайына өз қолымен табыстау.
Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан алпыс жыл бұрын маған заңғар биікті бағындыру, өмірде қандайда бір жетістікке жету жолдарын нұсқаған болатын. Бұл жолдың құпиясы – талмай еңбек етуде жатыр. Сол себепті кейінгі ұрпаққа айтарым – ерінбей еңбек етіп, өз ісінің маманы болуға талпынулары қажет. Міне сонда ғана бір нәтижеге қол жеткізуге болады, - деп Әділхан ағамыз әңгімесін түйіндеді.