Ел аумағын тегін дәрімен қамту үшін қандай жағдай жасалған?
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері қалалық және ауылдық пациенттерді амбулаториялық деңгейде тең тегін қамтамасыз ету үшін мынадай жағдайлар жасалған деп отыр.
Дәрілік заттар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай тізбесі бойынша қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерлерде дәрігер болмаған жағдайда фельдшер тегін рецепт жазып беруге құқылы. Дәріхана жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілік заттарды медицина қызметкері медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілері арқылы, сондай-ақ жылжымалы дәріхана пункттері арқылы тегін жібереді, - деді министр.
Айтуынша, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілген.
Биыл 4 ай ішінде 230 елдімекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды. Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің 86,1%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 91,1%-ы компьютерлермен жабдықталған, 81% медициналық ұйым госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген. Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде медициналық қызметтерді қашықтықтан форматқа ауыстыруды жоспарлап отыр, - деді Ажар Ғиният.
Мұны министр медицина қызметкерлерінің бір-бірімен, жеке тұлғалармен қашықтықтан өзара іс-қимылын, сондай-ақ олардың жасаған іс-қимылын құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы медициналық қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретіндігімен түсіндірді.