Экс-министр Асхат Оралов әріптестеріне алғыс айтты
Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі ретіндегі қызметін аяқтап, әріптестерімен қоштасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және спорт министрі ретіндегі қызметімді аяқтай отырып, Мемлекет басшысына көрсеткен сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ мен өзімнің әріптестеріме - өз ісінің нағыз мамандарына алғыс айтқым келеді, олармен бірге осы уақыт бойы жұмыс істеу мәртебесіне ие болдым, - деді экс-министр.
Асхат Оралов мәдениет, спорт, туризм, архив және кітапхана саласының қызметкерлеріне де ерекше ризашылығын жеткізді.
Өте жауапты әрі маңызды қызметіңіз үшін, қолдау көрсетіп, кері байланыс, ашықтық және орынды сын үшін рақмет. Осы бірнеше айдың ішінде біз үлкен жұмыс атқардық, оның нәтижелерін болашақта көретініміз сөзсіз. Барлық әріптесіме сәттілік тілеймін. Сіздердің күш-жігерлеріңізбен отандық спорт, мәдениет және туризм жаңа биіктерге көтерілсін, ал біз алға қойған мақсаттар міндетті түрде жүзеге асырылсын, - деп Мәдениет және спорт экс-министрі қоштасу жазбасын қалдырды.
1 қыркүйек күні Мемлекет басшысының жарлықтарымен төрт министр қызметтерінен босатылған болатын. Солардың бірі – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.