Экология, қауіпсіздік және экономика: Көкжайлау жобасын әзірлеушілер не уәде етті?
Алматыда өткен қоғамдық тыңдауда «Almaty Superski» жобасының экологияға әсері, таудағы қауіпсіздік және болашақ курорттың қала экономикасына ықпалы басты тақырыптардың біріне айналды.
Жоба әзірлеушілері заманауи инфрақұрылым табиғатқа түсетін ретсіз жүктемені азайтып қана қоймай, спорт, туризм және жұмыспен қамту саласында жаңа мүмкіндіктер ашатынын мәлімдеді.
Kazakh Tourism Development LTD компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев қазірдің өзінде тауға түсетін жүктеме жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, жоба жүзеге аспаса да, апта сайын мыңдаған адам тауға бақылаусыз көтеріледі. Соның салдарынан заңсыз соқпақтар пайда болып, тау беткейлері эрозияға ұшырап, қоқыс көбейіп жатыр.
Бақылаусыз туризм табиғатқа басқарылатын туристік ағыннан әлдеқайда көп зиян келтіреді, — деді ол.
Компания басшысы мысал ретінде Еуропа елдерін атады.
Альпі тауларында 1100-ден астам тау шаңғысы курорты бар. Австрия, Швейцария, Франция тауларды жауып тастаған жоқ. Керісінше, табиғатқа әсерді барынша азайта отырып, миллиондаған туристі қабылдай алатын заманауи инфрақұрылым құрды, — деді Еркінбаев.
Оның айтуынша, жобаға Альпі аймағында құрылыс жүргізу тәжірибесі бар еуропалық кеңесшілер мен қазақстандық ғылыми институттардың мамандары тартылған. Атап айтқанда, экологтар, гидрологтар, топырақтанушылар, археологтар және зоологтар жұмыс істеп жатыр.
Тыңдауда туристердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, өткен жылдың өзінде Алматы тауларында құтқарушылар 400-ден астам іздестіру операциясына шыққан.
Әр статистиканың артында нақты адам тағдыры тұр. Егер заманауи инфрақұрылым осындай қайғылы жағдайлардың бір бөлігінің алдын алуға көмектессе, онда оны салу – жауапкершілік мәселесі, – деді компания басшысы.
Жоба аясында бірыңғай тау соқпақтары жүйесін құру, цифрлық навигация енгізу, маршруттарды кәсіби белгілеу, шұғыл байланыс жүйелері мен заманауи визит-орталықтар салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар әзірлеушілер жобаның Алматы экономикасына да елеулі әсер беретінін айтады. Компанияның бағалауынша, курорт құрылысы қонақүй бизнесі, көлік, қызмет көрсету саласы және шағын кәсіпкерлік бағытында кемінде 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бұл жай ғана курорт емес. Бұл – Алматының жаңа экономикалық орталығы, – деді Еркінбаев.
Сөз соңында ол туризмді дамыту табиғатқа жауапкершілікпен қараумен қатар жүруі тиіс екенін айтты.
Біздің міндет – табиғат пен дамудың бірін таңдау емес. Жауапты даму табиғаттың өз мүддесіне де қызмет ете алатынын дәлелдеу, – деп түйіндеді компания басшысы.
Айта кетейік, Алматы маңында 60 шақырым жаңа шаңғы трассасы пайда болуы мүмкін.