"Екі баланың жағдайы ауыр". Министр Қарағандыда уланған балалар туралы айтты
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы уланған балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауруханаға түскен 14 баланың 7-еуі сауығып ауруханадан шығарылды. Қазіргі таңда олар орталық қызметкерлерінің бақылауында. 6 бала реанимация бөлімшесінде жатыр. 4 баланың жағдайы оң динамикамен ауыр болып қалуда және екі баланың жағдайы ауыр күйде, – деді Ажар Ғиният.
Премьер-министр Смайылов Денсаулық сақтау министріне балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де оларды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Әкімдіктер интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуі қажет. Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі тиіс, – деді Смайылов.
Айта кетейік, 7 тамызда № 625 «Атырау-Астрахань» бағытындағы пойызда 2010 жылы туған бала көз жұмғанын хабарланды. Осы қайғылы оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек осы қайғылы оқиғаны тексеретін арнайы комиссия құрылғаны туралы хабарлаған едік.