Екі бағалаушы ақталды: Сот ҚМА мен полицияның әрекетін заңсыз деп тапты
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мүлікті бағалау қызметімен айналысатын екі компания директорына қатысты ақтау үкімін шығарды. Олар – астаналық «Оценка и Экспертиза» ЖШС директоры Арман Тютюков пен шымкенттік «Независимая оценка имущества» ЖШС директоры Мақсат Түсіпбеков. Аталған тұлғаларға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сотта жәбірленуші ретінде кәсіпкер Генрих Богдевич танылды. Ол шамамен 10 жыл бұрын Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы бұрынғы Комсомол құс фабрикасын қайта жандандыру жобасын жүзеге асыра алмаған. Аталған инвестициялық жобаға 3,5 млрд теңге бағытталғанымен, жоба іске аспаған.
Кейін Богдевич несие қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны үшін сотталған. Жобаға жұмсалған қаржыны өтеу «ҚазАгроҚаржы» талабымен жүргізілгенімен, толық өтемақыға қол жеткізу мүмкін болмады. Компанияның иелігіне іс жүзінде жұмыс істемейтін, кеңес дәуірінде салынған ескі цехтар мен жабдықтар өткен. Дәл осы мүліктің нарықтық құнын бағалауды Арман Тютюков пен Максат Түсіпбеков жүргізген.
Кәсіпкердің айтуынша, 2016 жылы жүргізілген бағалау нәтижесінде оған 600 млн теңге көлемінде ірі материалдық залал келтірілген. Соңғы жылдары Богдевич бағалаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы кемінде он рет арыз жазған. Алайда барлық іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Соған қарамастан, кәсіпкердің соңғы әрекеті нәтижелі болды: ол жоғары инстанцияларға дейін жүгініп, ескіру мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан, қылмыстық істің қайта қозғалуына қол жеткізді. Іс қысқа мерзімде сотқа жолданған.
Бұл жағдай кәсіби ортада үлкен наразылық тудырды. Елдегі бағалаушылар қауымдастығы әріптестерінің қылмыстық қудалануына байланысты істің заңдылығына күмән келтіріп, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және Қаржы мониторингі агенттігіне ресми сауал жолдаған.
Көктемде басталған сот процесі айыптаушы тарап үшін сәтсіз аяқталды. Сот шешімімен Арман Тютюков пен Максат Түсіпбеков кінәсіз деп танылып, толық ақталды. Сонымен қатар олар заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін реабилитация алу құқығына ие болды.
Сот барысында істі тергеген Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері мен Астананың Сарыарқа аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғалары тарапынан біржақтылыққа жол берілгені, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекс пен өзге де заң нормаларының бұзылғаны анықталды.
Осыған байланысты сот Қаржы мониторингі агенттігі басшысының және Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасының басшысының атына жеке қаулы шығарып, аталған заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды міндеттеді.