Е-learning электрондық оқыту бағдарламасына бөлінген 36 млрд теңге қайда кетті?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі BAQ.KZ тілшісінің e-learning электрондық оқыту бағдарламасына жұмсалған қаржы туралы сауалына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жауап берді.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, Есеп комитеті e-learning электрондық оқыту бағдарламасы бойынша бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілерін таппаған.
Бүгінгі таңда бірқатар бұқаралық ақпарат құралы мен әлеуметтік желілерде e-learning электрондық оқыту бағдарламасын қаржыландыру мәселесі көтерілуде. Бағдарламаны қаржыландыруға 2010-2013 жылдар аралығында қаражат бөлінді. 2016 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру толығымен тоқтатылды. Бюджеттен шамамен 36 миллиард теңге жұмсалды. Оның 28 миллиарды жабдыққа байланысты жұмсалған шығындар, - дейді Асылова.
Оның айтуынша, бұл қаражатқа интерактивті тақталар, қолданылған және пайдаланылып жатқан серверлік жабдықтар сатып алынған.
Бізде Есеп комитеті тексерді. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілер бойынша ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар, олар білім беру жүйесін ақпараттандыруға байланысты бірқатар міндетті жүзеге асыруға арналған трансферттер туралы айтты. Шынында да, бұл шамамен 27 миллиард теңгені құрайды, - деп түсіндірді вице-министр.
Ол осы қаражат аясында бірінші кезекте ауыл мектептері үшін компьютерлер сатып алу жүзеге асырылғанын, оның барлығы жергілікті атқарушы органдармен араласуымен бөлінгенін айтты.
Ал тағы бір вице-министр Шолпан Каринова e-learning жобасына байланысты тексеріс аяқталды деп отыр.
E-learning жобасына байланысты барлық тексеру жұмысы аяқталды. Тиісті адамдар тәртіптік жазаға тартылды. Бірақ, айта кететін мәселе, e-learning шеңберінде барлық мектепке жеткізілген компьютерлер, мультимедиялық тақталар бүгінгі күнге дейін мектептерде пайдаланылып жатыр. Компьютерлердің өзінің пайдаланатын шектік уақыты бар. Оны пайдаланатын мерзімдері өтіп кетті. Бес жылдан кейін аяқталады. Алайда, оны мектептен алып тастау керек деп санамаймыз. Әрине, пайдаланып келе жатыр. Сондықтан e-learning өз-өзін ақтамады деуге болмайды, - дейді Шолпан Каринова.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жәмила Нұрманбетова 9 жылда білім беруге бөлінген 72 млрд теңгенің 30 миллиарды е-learning электрондық оқыту жүйесін енгізуге жұмсалды. Бұл қаржы өзін-өзі ақтаған жоқ деген болатын.
Ол, сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің мектептерге компьютер сатып алуға беретін қарызынан неліктен бас тартылғандығын түсіндірді.
Әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан тағы бір мәселе, бұл – Дүниежүзілік банк займы. Осыған байланысты да бірден түсінік беріп кеткім келеді. Бұл қарызды алу бойынша мәселе 2014 жылы басталған болатын. Сол жылы бұл шешім бекітіліп, 2018 жылы барлық депутат іске асырылу керектігін қолдады. 2018 жылы тиісті бюджеттік ұсынымдар бойынша бюджеттік жоспарлау және халықаралық қарыз болғандықтан, ресми жұмыстарын жүргізу істері атқарылды. Қарыздың басқа да жобалардағыдай бекітілген жоспары бар. Осы жоспарға сай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде депутаттар «осы қарыз көлемінде жоспарланған компьютерлік техникалар неге сатып алынбады?» деген мәселе көтеруде. Жалпы, бұл компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған болатын. Тиісті қаражат та 2021 жылға қарастырылған, - дейді Шолпан Каринова.