Дүниежүзілік банк Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігіне 4 млн доллар бөледі
Жоба жергілікті қамтуды дамытуға және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жергілікті қамтуды дамытуға және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге шамамен 4 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Global Businesswomen Council-дың IV пленарлық отырысында Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассани мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бассанидің айтуынша, жергілікті қамтуды дамыту және жеткізушілердің, соның ішінде әйелдер басқаратын кәсіпорындардың дайындығын арттыру - инвестиция тартудың ең тиімді құралдарының бірі.
Мәліметтер көрсеткендей, жеткізушілердің дайындығын арттыру және әйелдер басқаратын кәсіпорындар үшін жергілікті қамтуды дамыту - тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың және әрі қарайғы экономикалық өсімді қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілдерінің бірі, – деп атап өтті ол.
Дүниежүзілік банктің вице-президенті Қазақстанда жаңа «G-Index Institute» талдау институтының іске қосылуын құптады.
Осы тұрғыда біз Қазақстанда G-Index Institute дамитынына өте қуаныштымыз, – деді Бассани.
Ол Дүниежүзілік банк тобы тиісті бастамаларды жүзеге асыруға шамамен 4 миллион доллар бағыттауды көздеп отырғанын және қосымша жеке қаржыландыруды тартудан үмітті екенін хабарлады.
Біз Дүниежүзілік банк тобының қаржылық құралдары есебінен шамамен 4 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отырмыз және осы жобаға байланысты тағы миллиондаған доллар жеке капиталды жұмылдырамыз деп үміттенеміз, – деп баса айтты халықаралық ұйым өкілі.
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бұл жоба 3,5 миллион жұмыс орнын құруға көмектеседі. Біз өңірдегі бірқатар елдерде жұмысты бастап кеттік және Қазақстан да осы бастаманың бір бөлігі болады деп үміттенеміз, – деді Бассани.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк Қазақстандағы әйелдердің технологиялық кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бөлек бастамаға қолдау білдіреді.
Біз сондай-ақ Қазақстандағы әйел стартапшыларға арналған бағдарламаның құрылуын қолдаймыз. Бұл бағдарлама әйел негізін қалаушыларға өз жобаларын дамытуға көмектеседі, – деді Дүниежүзілік банктің вице-президенті.
Антонелла Бассани атап өткендей, қаржыландырудан бөлек, халықаралық бастамалар елдер арасында білім мен озық тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырады, бұл Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің одан әрі дамуына ықпал етпек.
Еске салайық, бұған дейін поляк инвесторы Қазақстанның инвестициялық климаты 15 жыл бойы тұрақты болып келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ, Аида Балаева Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді жоспары әзірленетінін жеткізді.