Дубайда сынықтардың құлауы салдарынан 8 адам жарақат алды
БАӘ Қорғаныс министрлігі Иран тарапынан атылған баллистикалық зымырандар мен дрондардың атып түсірілгенін растады. Дубайдың оңтүстігіндегі тұрғын үйлерге сынықтардың құлауы салдарынан бірнеше адам жеңіл жарақат алған.
Бірнеше әмірлік Иран шабуылынан кейінгі зардаптарды қалпына келтіру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Шарджа үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әмірліктің орталық аймағында орналасқан Thuraya Telecom телекоммуникациялық компаниясының ғимаратына ирандық ұшқышсыз ұшу аппараты соққы берген.
Құзырлы органдар қазіргі уақытта зардаптарды жою жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
Шарджа медиаофисінің дерегінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Сонымен қатар, Дубай медиаофисі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің сәтті жұмысы нәтижесінде аудандарға сынықтардың құлауына қатысты бірнеше жағдайды хабарлады.
Атап айтқанда, Әл-Бада ауданында қараусыз қалған үй өртеніп, оқиға орнына жақын маңда болған төрт адам жеңіл жарақат алған.
Ал Дубайдың оңтүстік бөлігінде сынықтар тұрғын үйлердің үстіне құлаған. Салдарынан қирау деректері тіркеліп, тағы төрт адам жеңіл жарақат алды.
Екі жағдайда да билік өкілдері шұғыл әрекет ету шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Дубай билігі қаланың түкпір-түкпірінде естілген қатты дыбыстар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің сәтті жұмысының нәтижесі екенін айтып, тұрғындарды құлағдар етті.
Еске салайық, бұған дейін Дубай портында кувейттік мұнай танкері өртенді.