Бүгiн 2026, 13:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Дрон мен ЖИ заңсыз құрылысты әшкерелейді

Министрлік технологияны жетілдіріп жатыр.

Заңсыз құрылыстарды анықтау үшін жасанды интеллект қолдану жоспарланып отыр. Пилоттық режимде бұл технология Астананың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен салыстыру үшін пайдаланылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі таңда пилоттық жоба сыннан жақсы өтті, яғни технология жұмыс істейді, біз тек оны сынақтан өткіздік. Жалпы, заңсыз құрылыстарды анықтауға болады. Біз дрон арқылы ғимаратты анықтап, жасанды интеллектке оның қандай нысан екенін тануды үйретіп, оны егжей-тегжейді жоспарлау жобасымен салыстырдық. Бұл технологияны кеңінен қолдануға болатынын көрсетті. Қазір оны ауқымдырақ аумаққа – мысалы, тұтас қалаға енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Содан кейін қай учаскелерде құрылыс талапқа сай емес екенін анықтаймыз, – деді вице-министр.

Ол бұл технологияның күрделі екенін атап өтіп, министрлікте бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын айтты.

Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары үшін тексерудің жаңа тәсілі болады. Біз оларға тиісті тапсырмалар беріп, сол бойынша олар нақты орынға барып, заң аясында шара қабылдайды. Биыл тағы да ауқымдырақ деңгейде тексеріп көруді жоспарлап отырмыз, ал келесі жылы заңнамалық тұрғыда бекітіп, барлық қалада енгіземіз, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ЖИ құрылыс нысандарын тексеріп, заңбұзушылықтарды 4 сағат ішінде анықтайтыны туралы жаздық.