Бүгiн 2026, 17:00 Фото: smartfacts.ru

Қаскелеңде "Құдайдың сауыты" фильмінің түсірілімі басталады

Фильм толықтай Қазақстанда түсірілетіні белгілі болды.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстан халықаралық киноөндіріс орталығына айналуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Джеки Чан қатысатын «Armour of God» («Құдайдың сауыты») фильмінің жаңа бөлімі толықтай Қазақстанда түсіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фильмнің түсірілімі екі айдан кейін басталады. Депутаттың айтуынша, фильмнің бюджеті шамамен 50 млн долларға тең және бұл қаржының едәуір бөлігі Қазақстан экономикасында қалады.

Бұл қаражаттың бір бөлігі актерлердің гонорарына кетеді. Бірақ негізгі бөлігі Қазақстандағы павильондарды жалға алуға, жергілікті актерлерге, түсірілім тобына, жабдықтарға, қонақүй, көлік және басқа да қызметтерге жұмсалады, – деді Қожаназаров.

Оның сөзінше, жобаға сыртқы инвесторлар қаржы құяды. Ал Қазақстан тарапынан басты міндет – халықаралық кино өндірісіне қолайлы жағдай жасау.

Депутаттың мәліметінше, фильмнің негізгі түсірілімі Қаскелең маңындағы Dala Edge Park павильондарында өтеді. Ал Маңғыстау өңіріндегі Бозжыра сияқты табиғи локациялар көшпелі түсірілім алаңы ретінде пайдаланылады.

Қожаназаровтың айтуынша, Қазақстанда кино түсіру Голливудпен салыстырғанда 10 есе, ал Қытаймен салыстырғанда 5 есе арзан.

Қазақстан экономикалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан жаңа кино хабқа айнала алады. Жаңа Голливуд немесе Болливуд деуге болады, – деді депутат.

Сонымен қатар ол New York Film Academy филиалының Қазақстанда ашылуын да маңызды оқиға деп атады. Оның сөзінше, Лос-Анджелес пен Нью-Йорктен кейін академияның үшінші филиалы дәл Қазақстанда ашылған.

Депутаттың айтуынша, академия 2025 жылдың 25 қыркүйегінде ашылып, алғашқы студенттерін қабылдап қойған.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстанда кино индустриясын дамыту үшін шетелдік киножобаларды тартуға арналған rebate жүйесін сақтап қалу қажет екенін айтты.

Депутаттың сөзінше, rebate механизмі арқылы мемлекет ірі киноөндірушілер мен танымал актерлерді елге тартуға ынталандыру береді. Бұл жүйе арқылы Қазақстандағы локациялар халықаралық фильмдерде көрсетіліп, елдің кино нарығына қызығушылық артады.

Rebate деген – мықты кино шығарушыларды, танымал актерлерді өз еліңе тарту үшін қолданылатын ынталандыру жүйесі. Біз осы норманы заңға қайта енгізуді ұсынып жатырмыз, – деді Қожаназаров.

Оның айтуынша, қазіргі rebate бағдарламасының мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Сондықтан депутаттар оны әрі қарай жалғастыру үшін заңға түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.

Біз бұған дейін атақты Джеки Чан ойнайтын фильм Маңғыстауда түсірілетіні жайлы жазған едік.