Дональд Трамп жасанды интеллектіні дамытуды бәсеңдетуге қарсы шықты
АҚШ Президенті Дональд Трамп жаңа модельдердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың күшеюіне қарамастан, жасанды интеллектінің дамуын баяулату туралы үндеулерді қабылдамады, деп хабарлады Financial Times.
Трамптың айтуынша, АҚШ үшін ЖИ саласында Қытайдан озық түру өте маңызды.
«Біз жасанды интеллект саласында Қытайдан алдамыз... және, шынын айтсам, мен солай қалуын қалаймын. Өйткені жасанды интеллект технологиялары бәсекесінде жеңіске жеткен ел жалпы жаһандық бәсекеде де жеңеді», – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп жекелеген қауіпсіздік шараларының қажет болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, бірақ саланың қарқынын елеулі түрде баяулатуға қарсы шықты. Сондай-ақ ол ЖИ төңірегіндегі қауіптердің бір бөлігі асыра сілтенген деп есептейтінін айтты.
ЖИ әзірлеушілері сақ болуға шақырады
Трамптың ұстанымы ірі ЖИ компаниялары басшыларының мәлімдемелерімен қарама-қайшы келеді. Anthropic компаниясынын басшысы Дарио Амодеи әзірлеушілер мен билікке қауіпсіздік механизмдерін жасауға көбірек уақыт беру үшін ең қуатты модельдердің даму қарқынын бәсеңдетуге үндеді. Оның бұл көзқарасын OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Илон Маск та қолдады.
Альтман бұған дейін OpenAI қызметкерлеріне егер қауіпсіздік мәселелері талап етсе, компания озық модельдерді жасауды баяулатуды қарастыруға дайын екенін хабарлаған еді. Сондай-ақ ол жетекші ЖИ компаниялары арасындағы тығыз ынтымақтастық қажеттігін айтқан болатын.
OpenAI IPO өткізуді кейінге қалдырды
ЖИ қауіптері туралы пікірталас аясында OpenAI 2026 жылы IPO өткізбеуді шешті. Альтман қазіргі уақыт қауіпсіздік мәселелеріне байланысты компанияның биржаға шығуына лайық емес екенін түсіндірді.
Осылайша, АҚШ-та технологиялық көшбасшылық үшін ЖИ-ді мүмкіндігінше жылдам дамытуды жақтаушылар мен саланың қарқынын уақытша төмендетіп, бақылауды күшейтуді ұсынатын өкілдер арасындағы пікірталас күшейе түсуде.
Еске салайық, бұған дейін OpenAI қауіпті жасанды интеллект жүйелеріне арналған «апаттық түймені» дайындап жатқаны хабарланды.
Адам интеллектімен теңескен GPT 6 Astra-ны таныстырып, жаңа нейрожелі нені үйренгенін жеткізді.