5 Қазан 2026, 13:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Дональд Трамп АҚШ-та «Суперинтеллект күштерін» құрды: Олар немен айналысады?

АҚШ жасанды интеллект саласындағы көшбасшылықты сақтау үшін жаңа құрылым құрды.

АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллект саласындағы АҚШ-тың жұмысын үйлестіретін арнайы үкіметтік топ – Super Intelligence Force (SIF) құрылғанын жариялады. Оның мақсаты – елдің осы технологияны дамытудағы әлемдік көшбасшылығын сақтап қалу.

Атауының маңыздылығына қарамастан, бұл қандай да бір күштік немесе әскери бөлімше емес. Super Intelligence Force әртүрлі ведомстволардың жасанды интеллект саласындағы күш-жігерін біріктіретін жұмыс тобы болмақ.

Жаңа құрылым туралы Трамп өз әлеуметтік желісі – Truth Social арқылы хабарлады.

Бұл топ федералды үкіметтің ИИ әзірлеушілерімен, сыни инфрақұрылым жеткізушілерімен, тұтынушылармен, қоғамдық және діни ұйымдармен өзара әрекеттесуін үйлестіреді.

Super Intelligence Force-ті АҚШ-тың Ұлттық барлау директоры Джей Клейтон басқарады. Сондай-ақ басшылық құрамға Федералды сауда комиссиясының басшысы Эндрю Фергюсон, Пентагонның бас технологиялық директоры Эмиль Майкл және Кадрлар қызметі басқармасының директоры Скотт Купор кірді.

«Өнеркәсіптік революция мен интернеттен де маңызды»

Трамп жасанды интеллектіні дамытуды АҚШ үшін басты бағыттардың бірі деп санайды. Америка президентінің өзі соңғы уақытта ЖИ-ге қатысты «суперинтеллект» терминін қолданып жүр.

«Суперинтеллект күштері федералды үкіметтің күш-жігерін үйлестірумен айналысады. Бұл арқылы Америка суперинтеллект саласында әлемде көшбасшы болуын жалғастырады. Көпшіліктің пікірінше, бұл өнеркәсіптік революция мен интернеттен де үлкен маңызға ие, сонымен қатар барлық америкалықтардың мүдделерін қорғап, өмірін жақсартады», – деп жазды Трамп.

Жаңа топ тікелей АҚШ президентіне және Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлсқа бағынады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы

Еске сала кетсек, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Трамптың қауіпсіз ЖИ жөніндегі бастамасын қолдап, оны БҰҰ аясындағы халықаралық шарт деңгейіне дейін дамытуды ұсынған еді. Қазақстан Президенті бұл бастаманы маңызды әрі уақтылы қадам деп атады. Сондай-ақ, «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз бола алатынын айтты. 

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.

– Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктеріне тоқталды.