Доллар арзандап, теңге нығайды: экономистер өзгерістердің себебін түсіндірді
Қазан айынан бері теңгенің айырбастау бағамы бір доллар үшін 499-500 теңге деңгейге дейін тұрақты түрде нығайып келеді. Мысалы, бүгін доллар курсы 499,65 теңгеге тұрақталды. Теңге нығайып, доллар түсе бастағандықтан, бүгін ақша айырбастау пунктері тұрақсыздыққа болжам жасай алмай, доллар сатуды азайтып жатыр. BAQ.KZ тілшісі осы мәселеге қатысты экономистердің пікірін білді.
Қазақстанда доллар тапшылығы жоқ, экономика тұрақты. Бұл экономист Айбар Олжай мен қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірі. Олардың айтуынша, доллар бағамын анықтайтын негізгі операциялар Қазақстан қор биржасында жүргізіледі, ал ақша айырбастау пунктері тек халыққа қолма-қол доллар сатады.
Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, Қазақстанда доллар тапшылығы жоқ.
Қағаз доллар жеткілікті көлемде бар. Ал ақша айырбастау пунктері – шағын және орта бизнес субъектілері, олар ұзақ мерзімді болжам жасай алмайды. Сондықтан кейде “ долларды көп сатып жіберіп, кейін шығынға ұшырап қалмаймыз ба?” деп қорқады, – дейді Олжай.
Сарапшы USD-KZT жұбына қатысты бағамды биржа анықтайтын еске салды.
Бірақ доллардың теңгеге қатысты негізгі бағамын анықтайтын – Қазақстан қор биржасы. Ондағы валюталық операциялар үлкен көлемде жүреді және қолма-қол ақшаға тәуелді емес. Сондықтан шағын және орта бизнес тек халыққа қолма-қол доллар сатады. Ал бұл біздегі негізгі операциялардың үлкен бөлігі емес. Сондықтан бізде доллар тапшылығы жоқ, экономика да дағдарысқа ұшыраған жоқ, – дейді экономист Айбар Олжай.
Экономист айтып өткендей, Carry trade арқасында Қазақстанда күшті арбитраж қалыптасқан. Басқа елдер базалық ставкаларын төмендетіп жатқан кезде, Қазақстан жоғары деңгейде ұстап отыр.
Сол себепті бүкіл әлемнің алыпсатарлары Қазақстан теңгесіне қызығушылық танытады. Теңге - конвертациялық, ашық валюта. Кез келген уақытта долларға айырбастауға болады, және теңгеге салынған ақшаны кейін қайта шығарып алуға болады. Дәл қазір теңгедегі облигациялар 18%-бен сатылып жатыр, ал кейде 19%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл әлемдік спекулянттар үшін өте пайдалы. Мысалы, инвестор иенада 1%-бен кредит алады, оны теңгеге айырбастап, 18-19%-бен облигация сатып алады. Купондық кірісті алған соң, бір жылдан кейін бастапқы кредитті қайтарады. Бұл бәріне қызық. Осылайша, әлемдік инвесторлар осыдан пайда тапқысы келеді, – деп түсіндірді ол.
Барлық орталық банктер пайыз мөлшерлемесін төмендетіп жатқанда, Қазақстан Ұлттық банкінің мөлшерлемені жоғары болғандықтан, белгілі бір арбитраж қалыптасады. Дәл осы жағдайды пайдаланып, теңгеден жақсы пайда табуға болады.
Қазіргі кезде бізге 1 миллиард доллар келеді, ал кейін бұл көлем 2-3 миллиардқа дейін өсуі мүмкін. Бұл – әлемдік инвесторлардың долларларының теңге нарығына ағымы, – дейді экономист Айбар Олжай.
Ал “NAC Analytica” ҚҚ басқарма төрағасы, экономист Расул Рысмамбетов доллар сатуға уақытша шектеу қойып жатқан ақша айырбастау пунктерінің әрекетін былай түсіндіреді.
Шынын айтсам, ақша айырбастау пунктері неге сатпай жатқанын нақты білмеймін. Бірақ өз ойымды айтсам, мен де сатпас едім, өйткені курс өте өзгермелі, аздап түсініксіз. Carry trade арқасында шетелдік инвесторлар теңгеге қысқа мерзімді табыс үшін кіргендіктен, олар шығатын кезде теңгенің бағамы сәл төмендеуі мүмкін. Сондықтан кейбір тәуекелдер бар, – дейді ол.
Сонымен қатар Рысмамбетов көптеген пунктер долларды қымбат бағамен сатып алғанын атап өтті.
Кезінде долларды сатып алған баға қазіргіден жоғары болуы мүмкін, сондықтан олар оны арзанырақ сатқысы келмейді. Бұл логикалық тұрғыдан түсінікті. Мысалы 100 рубльге алған етік қазір 80 рубльге сатылса, ешкім оны бергісі келмейді. Доллар да дәл солай – бір тауар сияқты, – деп түсіндіреді ол.
Экономисттің айтуынша, долларды сатпау – толықтай обменниктердің шешімі, және ешкім оларды бұл бағытта мәжбүрлей алмайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ долларының бағамы төмендеуін жалғастырып, 500 теңге деңгейінен төмен тұрақтап тұр.