ДНҚ-сынаманың көмегімен артық салмақтан арылуға болады – ғалым
Мінсіз дене сымбатына қол жеткізуге көмектесетін «ақылды» жол. Соңғы уақытта ДНҚ-сынамалар танымалдылыққа ие болуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ДНҚ-диета деген не? Оның пайдасы мен зияны қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Астанадағы Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Ерлан Мирхайдарұлы, біздің «ішімізде» қалай дұрыс тамақтану мен жаттығу қажеттігіне жол нұсқайтын ақпараттар «жасырыныпты»-мыс. Шын мәнінде солай ма? Мұндай тәсілдің теріс жақтары қандай?
- Адам өзін көп жағдайда диета ұстауға мәжбүрлеп, тамақты тарта ішіп, жаны қиналып жаттығу жасаса да, тиімсіз болып шығатын кездер болады.
Оның себебі қандай да нақты тағамның немесе жаттығудың организміңізге сәйкес келмейтіндігінде жатыр. Біреулерге көмірсуды тұтынуды мүлдем, 0-ге дейін тоқтатып тастау қажет. Ал біреулерге күштік жаттығу қосу керек. Сенімді жолды ДНҚ нұсқайды. Адам қандай да бір диетаға отырар алдында, қандай да бір тамақтану жүйесіне көшпес бұрын міндетті түрде анализдер тапсырғаны жөн. Мен үнемі осылай деп айтамын. ДНҚ-сынама – тамақтану режіміңді барынша дұрыс жолға келтіруге арналған катализатор деп атаған болар едім. Адам интернеттен өзі тауып алған немесе көршісі ұстауға кеңес берген диета емес. Бұл жерде ғылыми әрі медициналық тәсіл болып тұр. Бұл дұрыс.
- Адамның гені ас қорыту, оны сіңіру және тамақтану кезінде алған энергияны жұмсауға қатысты көптеген ферменттер мен ақуыздарды ферменттейді деп жатады. Осы тұрғыдан түсіндіріп өтсеңіз.
- Біздің генімізде бір айта кететін тұс бар. Ол – мутация, яғни сол алған майды сіңіріп алуы әбден мүмкін. Оны қор қылып жинап алып қалу мен пайдалану, яғни майды ыдырату бұл процестерді қандай да бір мөлшерде теңестіріп отырады. Диетология саласына келер болсақ, нутригенетиктер дуогендегі мутацияға назар аударады. Олардың бірі – гомеостазға – организмдегі май қышқылдарының тепе-теңдігіне, ал екіншісі жасушадағы май қышқылдарының байланысуына жауап береді. Біздің организміміздегі осы гендерде қандай да бір деңгейде мутация болса, адам артық салмақ жинауға өте бейім келеді. Осылайша, май жасушаларына май қышқылдары жинала береді.
- Сонда мұны генетика тұрғысынан қалай түсіндіре аласыз?
- Мұны эволюциялық тұрғыда қалыптасты деп түсіндіріп көрейін. Бұрын адамдар өте белсенді қозғалыста болғандықтан энергияны да соғұрлым жылдам жоғалтатын болған. Бұл қорлар ұзақ уақыт организмде тұрмайды. Бұл біздің қазіргі өмірімізде жоқ нәрсе деп айтқан болар едім. Біз жайлылыққа, сенімділікке, қауіпсіздікке ұмтыламыз, осылайша, жүгірмейміз, артық қозғалмаймыз, оны жайсыздық деп есептейміз. Бұрын әртүрлі этникалық топтар немесе тайпалар ауа райының жағдайына байланысты өздерінше әрекет етіп, оның амалдарын тапқан. Суық аймақта тұрғандарға салмақ жинаудың ұзақмерзімді тетігін іске қосу қажет деп есептеген. Сондықтан арықтау жылдамдығы бір ұлтта өзгеше, екінші ұлтта басқаша болып келеді.
- Қазақ халқында қалай сонда?
- Қазақ халқының популяциясында көшпенді өмір сүрген, өте қатал табиғат жағдайында күн кешкен өзге азиаттық халықтардағыдай мутация майды организмге тез жинап, оны «үнемдеп» жұмсауға бейімдік қанда қалыптасқан. Сол үшін қазақтарда толықтыққа бейім адамдар көп. Генетикалық тұрғыдан халқымыз көмірсуға қарағанда етті көбірек жейді. Сондықтан біз үшін (қазақтар үшін – ред.) етті көкөніспен, жеміспен үйлестіріп жеген дұрысырақ болар. Ал бәрінен дұрысы, әр адам мамандардың кеңесіне жүгінгені.
- Диетологтарға бару керек дейсіз бе?
- Иә, мамандар, соның ішінде диетологтар генетикалық тексеру тағайындай алады. Бұл бір жағынан дәрігерге оның себептерін табуға көмектеседі. Яғни семіздікке генетикалық бейімділік бар ма, жоқ па, соны анықтайды. Сондай-ақ генетик маман басқа да ауруларға сол адамның бейімділігі туралы да айтып бере алады. Мәселен, инфарктқа, остеохондрозға бейімділігі бар ма, жоқ па?! Семіздік те генетикалық компонентке ие аурудың бір түрі. Бірақ бұл генетикалық компонент көрінбеуі де мүмкін.
- Бұл тексерісті қалай өтуге болады?
- Бәрі оп-оңай. Сәйкес медициналық кабинетке барады. Қан тапсырып, одан соң дәрігер үшін маңызды көрсеткіштер айтылған медициналық қорытындыны алады. Ол секвенирлеу технологиясы әдісімен жасалады.
- Ол қандай әдіс?
- Секвенирлеу деген – ДНҚ-ның бүкіл тізбегін көрсетіп беретін технология. ДНҚ дегеніміздің өзі өте ұзаққа созылып жатқан молекула. Шын мәнінде ол индивидтер арасында ДНҚ бойында біркелкі емес, шашыраңқы күйде орналасады. Бұл жерде ақпарат көп орналасқан бөліктер де, аз орналасқан бөліктер де бар.
- Мұны жаңашылдық деп айтуға бола ма? Бұрын мұндай тәсіл жоқтың қасы болған ғой?
- Иә, бұрын осында сипаттағы тексерістер өте ұзақ уақыт ішінде жасалатын. Сәйкес зертханалар мен жабдықтар болмаған. Ал қазір ғалымдар ДНҚ-ның бүкіл тізбегін алмай-ақ, жеке бөліктерін - локустарын ашып «оқи» алады. Мұндай тексеріс жылдам әрі арзанға түседі.
- Мұндай тексерісті қолға алмас бұрын өздеріңізге тексеріп көрген дейді. Сол рас па?
- Дәл солай. Мысалы, менде метаболизм басқаша болып шықты көрінді. Менде асқазанның толғандығы туралы сигнал беру жағынан мутация болды. Яғни мен тойдым ба, әлде жоқ па деген өзімнің түйсігімді тексеріп отыруым керек. Менде бұл сигнал нашар жұмыс істейтін болып шықты. Мен өте көп тамақ жеп қоя беретінмін. Тою сезімі кеш білінеді. Мұны мен түсінбей жүрдім. Қазір маған қаншалықты жей алатынымды көзбен өлшеп алып, артығын жемеу қажеттігін ұқтым.
- Мұны жасушалық тұрғыда өлшеуге бола ма?
- Ересек индивидте оны түзету мүмкін емес. Геномдар бір жасушаның ғана деңгейінде түзетіледі. Ересек адамдар үшін геномды түзетудің жолы жоқ. Ал бала анасының жатырында жатқанда оған қандай гендер берілетінін эмбрионалдық скринингтің көмегімен түзетуге болады. Бірақ ол технологияны қауіпті ауруларды анықтау үшін қолданады. Ол ағымы өте ауыр аурулар, әйелдің түсік тастауына әкеліп соғуы да ықтимал. Яғни Даун синдромы, әртүрлі хросомалық бұзылыстар сынды аурулар.
- Эмбрионға ондай әдіспен тексеріс жасауға медицинада рұқсат етілген бе?
- Жалпы, эмбрионға манипуляция жасаудың кез келген түріне халықаралық қауымдастықтар тыйым салған. Жалғыз жолы – кейін ересек болған кезде ДНҚ-сынама тапсыру. Адам сол арқылы өзіне барынша ыңғайлы әрі келетін рационды ғана біліп қоймай, қандай физикалық жаттығулармен айналысу оған тиімді болатынын біле алады. Адреналин-рецепторды кодтайтын ген бар. Қандай да бір ерекшеліктер болған жағдайда адамға қарқынды жаттығулар мен көмірсудың мөлшері аз диета қолайлы болуы мүмкін. Алайда ғалымдар да, дәрігерлер де сынаманың нәтижесін алып қана қоймай, адам оны дұрыс түсінуі керек. Өздігінен жасауға болмайды. Әйтпесе, «артық қылам деп, тыртық қылуы» әбден ықтимал. ДНҚ-сынаманы алған соң нутрициологқа немесе диетологқа жүгіну қажет. Сынама тапсырдым екен деп тамақтануды өзі таңдауына кеңес бермеймін. Маманның көмегіне жүгінген абзал. Ол сынама бойынша дұрыс бағдар көрсетіп, қалай тамақтану қажеттігін, не істеу керектігін айтады. Бәлкім, қосымша тағы да тексерулер қажет болса, тиісті мамандарға жол сілтейді. Адам талдауда жазылған кейбір сәттерді өзі байқамауы мүмкін. Әркім өзінің қалағанын көреді деген бар ғой.
- ДНҚ-сынамамен жасалған диета барлық жағдайда адам организміне жағуына кепілдік бар ма?
- Кейде керісінше болуы мүмкін. Мәселен, гормоналдық бұзылыстары бар адамдарға тағамдағы майды шектеуге болмайды. Адам өзінің ол ауруға шалдыққанын немесе соған шалдығуға бейім екенін байқамауы да мүмкін ғой. Диета дұрыс таңдалмаса, адам артық салмақтан құтылу былай тұрсын, өзіне-өзі зиян келтіреді. Білімнің шегі жоқ. Біз өзіміз туралы неғұрлым көбірек білсек, соғұрлым жақсы. Мен 2000-жылдардың соңында Мәскеу сынды қалалардағы белгілі бір мейрамханаларда жасыл, қызыл, сары деген анықтама жарнаманың «құрығына» ілініп кеткен кездер есімде. Сізден сынама алып, Лондонға оны тексеруге жібердік деп, артынша «Сізде қызыл диета» деуі мүмкін. Бұл адамдарды таза алдап соғу. Сол үшін ДНҚ-сынама – сиқыр емес. Ол проблеманы бірден шешіп тастайды деген сөз емес. Бұл ақпараттың сенімді көздерінің бірі. Жыл сайын мұндай тексерулер қатары көбейіп келеді. Кейбір мамандар келесі жылы мұндай сынамалардың көлемі 10 млрд доллардан асуы мүмкіндігін болжапты.
- Әңгімеңізге рахмет!