Disney ертегілері қазақ тілінде жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыда Disney кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқасы көпшілікке таныстырылды.

Аталған кітаптарды Disney кітаптар өндірісін елімізде шығару лицензиясына ие болған "AbayBooks" баспа үйі басып шыққан. Түрлі ертегілерден тұратын 14 кітап 28 мың данамен шығып отыр.

Баспа үйінің басшысы Майра Алжанова бұл іспен бір жылдан бері айналысып келе жатқандарын айтады.


Әлемдік аты бар Disney компаниясымен жұмыс бастау қиын болды. Дегенімен 14 ертегіні қазақ тіліне аударып басуға рұқсат алдық. Бұл кітаптардың әрқайсысы 2 мың данамен шығып отыр. Бұл аз кітап емес, сондықтан көптеген кітапсүйер қауымның қолына жетеді деген ойдамыз, - дейді ол.

Сөз арасында ол кітаптарды басып шығару лицензиясын қомақты қаражатқа сатып алғандарын айта келе, кітап бағасын жоғарылатпауға тырысқандарын жеткізді.


Кітаптарды басу лицензиясын сатып алдық, ол белгілі бір мерзімге ғана жарамды. Егер сұраныс болып жатса сол аралықта тағы басып шығу мүмкіндігі бар. Басты мақсатымыз бұл кітаптар Қазақстанның әр өңіріне жетсе дейміз, сол себепті барлық кітап дүкендеріне шығып отырмыз. Сұраныс қазірден жақсы, әлеуметтік желілерде ата-аналар қайдан алсақ болады деп жазып жатыр, - деді баспа үйінің басшысы. 


Кітаптардың барлығы ағылшын тілінен тікелей аударылған. Редакторлық жұмыстар жүргізіліп, қазақ менталитеті ескеріліпті. Блогер Перизат Мырзахмет қазіргі технология дамыған кезеңде балалардың көңілі кітапқа емес интернетке, теледидарға ауып кетіп жатқанына өкініш білдірді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын сауалнама жүргізгенде ата-аналар қазақ тіліндегі кітаптардың жоқтығын айтқан еді. Енді ондай сылтау айтудың жөні жоқ. Қазір құдайға шүкір қазақ тілінде кітап көп. "AbayBooks" баспасының бұл бастамасын қолдаймын, бұл кітаптар балалар үшін ең құнды сыйлық болып отыр. Ертегілер кейіпкерлерін балалар күнде мульфильмдерден көріп жүр, барлығы таныс. Бастысы балаларға кітап оқуды үйретейік. Біздің кішкентай кезімізде интернет болмағандықтан балалар кітапты өздері оқитын еді. Ал қазір өзіміз телефонды ұстап отырып "балам, бар кітап оқы" дейміз. Олай болмайды. Бала көргенін істейді. Сондықтан өздеріңіз де қолға кітап алып, балаға оқуды үйретіңіздер,- дейді ол.


Басып шығарылған кітаптардың қатарында "Сұлу мен құбыжық", "Рапунцель", "Аладин", "Қарша қыз", "Мұзды өлке" сынды ертегілер бар. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ата-аналар да көптеп келіпті, солардың бірі Гүлзат Сақова Дисней ертегілерінің қазақ тілінде сөйлегеніне қуанышын білдірді.
Менің екі балам бар. Қазіргі балалар гаджеттерге әуес, дегенмен мына кітаптар балалардың қызығушылығын оятып, үлкен сұранысқа ие болады деген ойдамын. Өзіміз де әлемге әйгіллі Диснейдің ертегілерін оқып, мульфильмдерін көріп өстік. Енді балаларымыз сол ертегілерді қазақ тілінде оқитын жағдайға жетіп отырмыз. Кішкене кезінен қазақша ертегі оқып өскен бала ертең тіліміздің дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы