23 Қараша 2026, 14:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Директордың ЭЦҚ-сын пайдаланып 82 млн теңге жымқырған үш бухгалтерге үкім шықты

Ақтөбе облысында 82 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған тұлғалар сотталды.

Ақтөбе облысыныңдағы мектептердің бірінде директордың ЭЦҚ-сын пайдаланып 82 млн теңге жымқырған үш бухгалтер сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығын талдау барысында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу түрінде 82 млн теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтады.

Анықталғандай, «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021–2024 жылдары директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударуды ұйымдастырған.

Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.

Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеді. Шалқар аудандық сотының үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды. Бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлық сотталғандарға 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында «жұмыс істемеген» қызметкерлерге 5,8 млн теңге төленген мектеп директоры, орынбасары мен бухгалтер сотталды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Жөнделмеген жол үшін 45 млн теңге аударған: Прокуратура мен ҰҚК шенеуніктерді тексеріп жатыр

Қарағанды облысында екі лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

Балабақшадан «кезексіз орын» уәде еткен астаналық әйел 4 жылға сотталды