Қазақстандық дипломат қызын тістеген иттің иесін сотқа бермек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баланың отбасы иттің иесін сотқа беруді жоспарлап отыр. Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті қолғабыс көрсетуде. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

"2 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08.00-де Нью-Йорк қаласының Ривердейл ауданында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі кеңесшісінің 4 жасар қызын питбуль иті қауып алып, аяусыз тістеген. Бала көптеген тістеулер мен бет және мойын жарақаттарымен Бронкс ауданындағы «Jacobi Hospital» ауруханасына жеткізілді. Мойын жіп пен тұмсық торсыз ит тосыннан шығып, анасымен бірге балабақшаға бару үшін үйінен автокөлікке бара жатқан сәтте балаға шабуыл жасаған. Баланы иттен арашалап алуға сол маңда өтіп бара жатқан ер кісі көмектескен. Оқиға орнына жедел жәрдем келіп, баланы ауруханаға жеткізген. Баланың өміріне қауіп төндіретін жарақаттар жоқ. Дәрігерлер қажетті ота жасады", - делінген хабарламада. 

Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты және бірнеше күн ауруханада болады. Полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Естеріңізге сала кетейік, Нью-Йоркте питбуль қазақстандық дипломаттың қызына шабуыл жасағаны туралы жазған болатынбыз. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы