Димаш Құдайберген бастап берген шахмат партиясы сенсациямен аяқталды

Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың 12-ші партиясы ойналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижен арасындағы бәсеке финалдық кезеңге өтті. Бір қызығы партияны ақ фигуралармен ойнаған қытайлық спортшының алғашқы қадамын атақты әнші, композитор Димаш Құдайберген жасады.

Осыдан кейін өте тартысты партия басталды. Непомнящий 17-ші қадамға дейін қателік жібермей, қарсыласына бір де бір мүмкіндік бермеді. Алайда одан кейін ойындағы басымдық қытайлық спортшыға өте бастады. Мұндай қарқынға шыдамаған ресейлік гроссмейстер қате жіберіп, 34-ші қадамда жеңілісін мойындады. Бұл көпшілік үшін күтпеген жеңіс болды.

Осылайша Ян Непомнящий әлем чемпионы атағы үшін жарыста басымдығын сақтай алмады. Жалпы есеп қайта теңесіп, 6:6 болды.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыс 14 партиядан тұрады. Алайда ойыншылардың біреуі 7,5 ұпай жинаса, мерзімінен бұрын Әлем чемпионы атануы мүмкін. Ал шахматшылар тең түссе, жеңімпаз жылдам шахмат бойынша плей-оффта анықталады.

Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағы үшін осымен екінші рет таласып жатыр. Екі жыл бұрын ол норвегиялық Магнус Карлсенге жеңіліп қалған еді. Ал Дин Лижен чемпиондық тәж үшін бәсекеге түсіп жатқан алғашқы қытайлық шахматшы. Жарыстың жүлде қоры 2 миллион доллар, оның 60 пайызын жеңімпаз, ал 40 пайызын 2-ші орын алған шахматшы алады.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыс басталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы
Алдыңғы жаңалық
Серік Күдебаев ұсталды
Өзгелердің жаңалығы