3 Қараша 2026, 12:30 Фото: pixabay.com

Диабетпен ауыратындар дәрісіз қалуы мүмкін бе? «СК-Фармация» Әбеновтің сынына жауап берді

Дистрибьютордың мәліметінше, қант диабетін емдеуге арналған дәрілердің 95–97 пайызы жеткізілген.

Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған тегін дәрілердің қолжетімділігіне қатысты мәселе көтерілді. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов кейбір емханаларда қажетті препараттар жоқ екенін айтса, «СК-Фармация» бұл мәлімдемемен келіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді. 

Бірыңғай дистрибьютордың мәліметінше, дәрі-дәрмекке деген қажеттіліктің басым бөлігі қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ ол Қазақстанда осы ауруды емдеуге арналған 50 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынатынын айтты. Оларға бөлінген қаражат көлемі 60 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарға қажетті препараттардың 95 пайызы жеткізілген.

Асылбеков кейбір науқастарға дәрілер қосымша өтінімдер арқылы берілетінін түсіндірді. Әсіресе жаңадан анықталған пациенттерді қамтамасыз ету үшін төмендетілмейтін қор пайдаланылады.

«Глюконил» және «Джардинс» препараттары бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші 95–97 пайызға жеткен. Сондықтан бұл дәрілерді жеткізуге қатысты мәселе жоқ деп есептейміз, – деді ол.

Сонымен қатар «СК-Фармация» басшысы Мұрат Әбеновпен кездесіп, дәрі-дәрмек жеткізу тәртібі мен қор көлеміне қатысты сұрақтарға жеке түсініктеме беруге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға үндеу жариялаған еді. Ол қант диабетімен ауыратын азаматтардан емханаларда «Глюконил» мен «Джардинс» препараттарын тегін алу қиындағаны туралы шағымдар түсіп жатқанын мәлімдеді.

Әбеновтің айтуынша, 2026 жылдан бастап қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесіне ауыстырылған. Бұл ретте азаматтар дәрісіз қалмайтыны айтылғанымен, тұрғындар тарапынан шағымдар әлі де жалғасып келеді.

Ол Денсаулық сақтау министрлігінен дәрі сатып алуға қатысты бірқатар сұраққа нақты жауап беруді талап етті. Атап айтқанда, 2026 жылға арналған тендерлерді қандай компаниялар жеңіп алғанын, оларға қанша қаражат аударылғанын және препараттардың емханаларға нақты жеткізілу барысын түсіндіруді сұрады.

Сондай-ақ бұрын жеткізу міндеттемелерін орындамаған компаниялардың қайтадан мемлекеттік тапсырыс алуына назар аударды.

Министр Ақмарал Әлназарова «жеке бақылауымда» деген жалтарма жауаптарын доғаруы керек. Нақты сұрақтар бар: 2026 жылға арналған тендерлерді кім ұтып алды және қанша қаражат аударылды? Емханаларға дәрілер іс жүзінде қайда жеткізіліп жатыр? Бұған дейін жеткізу міндеттемелерін орындамаған компаниялар неге қайтадан келісімшарт алады? Шенеунік үшін бұл есептегі бір жол ғана болуы мүмкін, ал науқас үшін – тоқтатып қоюға болмайтын өмір мәселесі, – деді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз:

Дәріханаларда тегін дәрілер сатылған: ДСМ жүздеген заңбұзушылықты анықтады 

Онкологиядан диабетке дейін: Қазақстанда жаңа дәрі зауыттары салынады 

2027 жылға дайындық үш ай бұрын басталды: Қазақстанда дәрі тапшылығы бола ма?