27 Қазан 2026, 20:32 Фото: Хабар24

Депутаттың ұлы да бар: Кісі өліміне қатысты 13 адам ұсталды

Әзербайжан астанасындағы мейрамханада қарыз дауын шешуге арналған кездесу қанды оқиғамен аяқталды. Бас прокуратура тергеу барысын жариялады.

Әзербайжан астанасы Бакуде мейрамханада болған төбелес адам өлімімен аяқталды. Алдын ала тергеу дерегіне сәйкес, Джейхун Сабунчу лақап атымен танылған Джалал Мирагаев алдымен Эмин Рагимовты жұдырықпен ұрған. Кейін Рагимов пен оның досы Эльмар Джафаров Мирагаевқа пышақ жарақатын салып, ол оқиға орнында көз жұмған. Бұл туралы Report агенттігі Әзербайжан Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға қалай болған?

Тергеу мәліметінше, жанжал 23 қазанға қараған түні Бакудегі генерал А. Шихлинский көшесінде орналасқан Ab-Hava мейрамханасында болған. Мұнда Джалал Мирагаев пен «Сабунчу Эмин» лақап атымен белгілі Эмин Рагимов арасындағы қарыз дауын шешу үшін кездесу ұйымдастырылған.

Кездесуге криминалдық ортамен байланысы бар өзге адамдар да қатысқан. Алайда тараптар арасындағы келіспеушілік жанжалға ұласып, соңы төбелеспен аяқталған. Оқиға барысында қоғамдық тәртіп өрескел бұзылған.

Алдын ала тергеу нұсқасы бойынша, алдымен Мирагаев Рагимовты жұдырықпен ұрған. Осыдан кейін Рагимов пен Эльмар Джафаров оған пышақпен шабуыл жасаған. Алған жарақаттарынан Мирагаев оқиға орнында қайтыс болған.

13 адам ұсталып, барлығы қамауға алынды

Аталған дерек бойынша Хатаи аудандық прокуратурасы қасақана кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғаған.

Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі прокуратурамен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 13 адам ұсталған.

Тергеу Эльмар Джафаров пен Эмин Рагимовтың кісі өлтіруге қатысы бар деген негізді күдік анықтағанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, оқиға кезінде олардың екеуі де басқа қылмысқа байланысты іздеуде болған.

Оларға Әзербайжан Қылмыстық кодексінің ұйымдасқан топ құрамында қасақана кісі өлтіру туралы 120.2.1-бабы бойынша айып тағылды.

Басқа күдіктілерге қатысты қылмыстық қоғамдастық құру және оған қатысу, сондай-ақ есірткі заттарын ұйымдасқан топпен ірі мөлшерде заңсыз айналымға енгізу баптары бойынша да айыптар қарастырылған. Тергеу барысында өзге де құқық бұзушылықтар тексеріліп жатыр.

Сот тергеу органдарының өтініштері мен прокурордың ұсыныстары негізінде барлық айыпталушыға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.

Тергеу Бас прокуратураға берілді

Кісі өлтіру дерегіне қатысты қылмыстық іс пен аталған тұлғаларға қатысты бұған дейін қозғалған істер бір өндіріске біріктірілген. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін прокуратура мен ішкі істер органдары қызметкерлерінен арнайы тергеу тобы құрылған.

Бас прокурордың тапсырмасымен алдын ала тергеу Бас прокуратураның Тергеу басқармасына берілді.

Ведомство оқиғаның барлық мән-жайы толық, жан-жақты және объективті тергелетінін мәлімдеді. Тергеу нәтижелері туралы қоғамға қосымша ақпарат беріледі.

Сонымен қатар Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын тергеудің объективтілігіне және барысына кері әсер етуі мүмкін мәліметтерді таратпауға шақырды.

Тағы оқи отырыңыз: 25 жылдан кейін ашылған қылмыс: Әзербайжанда кісі өлтірген күдікті ұсталды