Депутаттарға мандат куәліктері қашан беріледі?
ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов депутаттарға куәліктерді табыстау мерзімі партиялардың шешім қабылдау жеделдігіне байланысты екенін айтты.
Сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар мандаттарды кандидаттар арасында бөлу туралы шешім қабылдайды. Орталық сайлау комиссиясына тиісті деректер түскеннен кейін депутаттарға куәліктер табысталады. Бұл туралы ОСК-да өткен брифингте Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист депутаттардың куәліктерді қашан алатынын сұрады.
Сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар өздерінің басқару органдарының отырыстарын өткізеді. Осы отырыстарда тізімге енгізілген кандидаттар арасында мандаттарды бекітіп, бөледі. Өз шешімдерін бізге жолдайды. Партиялар мандат берген адамдар туралы деректерді алғаннан кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз уақыт қажет. Содан кейін оларды табыстаймыз. Яғни, бәрі партиялардың басқару органдарының жеделдігіне байланысты, – деді Шавкат Өтемісов.
Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауының соңғы қорытындысы жарияланды. 23 тамызда Құрылтай сайлауына қатысқан сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адам болды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша депутаттық мандаттардың партиялар арасында қалай бөлінгенін жариялады.