Депутаттар этникалық топтар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажеттігін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар еліміздегі соңғы оқиғаларға байланысты қоғамда этносаралық қатынастарды дамытуға ерекше мән беріп, әлеуметтік зерттеулерді арттыру қажеттігін айтты.

Осыған қатысты депуттатық сауалды мәжілісмендер Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында: «Әлемдік тәжірибе этностық фактор, ұлтаралық қарым-қатынастар осы кезге дейін әр түрлі шиеленістердің, әсіресе дағдарыс жағдайындағы кезеңдерде детонаторы болып табылатынын көрсетіп отыр. Ақпараттық және гибридтық соғыстардың, жиіленіп кеткен популистік мәлімдемелердің, спекуляциялар мен ашық арандатушылықтың қазіргі заманында олардың деструктивті әлеуеті айқын күшейе түседі», деп ескерткен болатын, - деді Мәжіліс депутаты Ілияс Бұларов.

Ол атап өткендей, этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Үкімет, соның ішінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, еліміздегі этносаралық бейбітшілік пен татулықты одан әрі нығайту бойынша ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда бейбітшілік пен келісімді бұзуға әрекеттенетін арам пиғылды іс-қимылдардың алдын алу мен оларды болдырмауға, ел ауызбіршілігін сақтауға бағытталған нәтижелі шаралар жүйелі түрде қолға алынды, - дейді ол.

Депутат атап өткендей, министрлік тарапынан этносаралық қатынастар саласына талдамалық зерттеулер жүргізіліп, мемлекеттік органдар әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуде, өңірлермен тиісті байланыс орнатылды. 2021 жылы 5 ірі әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Осы зерттеулерде елдегі этносаралық қатынастарға, этникалық топтар арасындағы ахуалға, қандастардың әлеуметтік жағдайына талдаулар қамтылып, бұл ақпаратты тиісті құрылымдар қажетіне қарай қолданады. 

Еліміздегі соңғы оқиғаларға байланысты қоғамда этносаралық қатынастарды дамытуға ерекше мән берілу керек, әсіресе, әлеуметтік зерттеулерді арттыру қажет. Нақты айтсақ, 2022 жылы жүргізілетін зерттеулерде өңірлердің этникалық топтар бөлінісін жеке қарастыра отырып, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың олардың көңіл-күйіне әсерін зерттеу жүргізу жөн деп санаймыз. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің этносаралық қатынастардағы кикілжің әлеуетіне әсері тұрғысында жүйелі талдау қажет, - деп ұсынды Мәжіліс депутаты.

Ол осы кешенді жұмыстар ескерілсе, еліміздегі этносаралық келісім сияқты қоғам тыныс-тіршілігіндегі бір маңызды бөлігі іске асырылады деген пікірде.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы