Депутат: Отандық өнімді пайдалану киберқауіпсіздік тұрғысынан маңызды

Астана, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жұмыс сапарлары барысында жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ тарифтерді орнату мәселелерін талқылады.

Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Серік Құсайынов, Абай Тасболатов, Ирина Унжакова, Тарас Хитуов және Юрий Тимощенко Солтүстік Қазақстан облысындағы Киров атындағы зауыттың еңбек ұжымымен кездесті.

Депутаттар кәсіпорынның жұмысымен танысты. Атап айтқанда, зауыт теміржол автоматикасы, телемеханика, байланыс  және темір жол көлігі үшін қауіпсіздік жүйелері құралдарын жасайды. Бұдан басқа, осында цифрлық теледидарға арналған, медициналық мекемелер үшін жабдықтар, мұнай-газ кешені үшін өнімдер және арнайы байланыс құралдары шығарылады.

«Біздің өнімімізді алушылар арасында тұрақты тұтынушылар көп. Олар – темір жол көлігі, энергетикалық өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызметі кәсіпорындары. Соңғы уақытта сұраныс артып келеді, бұл бізді өнім көлемін ұлғайтуға ынталандырады. Сәйкесінше, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуын көздейді», - деді зауыттың өндіріс бөлімінің бастығы Александр Криволапов.

Мәжіліс депутаттары 3D-принтерлер, радио және әртүрлі техника үшін электронды платаларды өндіру цехына барды. Оларды шығару 2017 жылы басталды. Бүгінгі таңда зауытта екі қабат электрондық платаны әзірлеуге кірісті, олардың артықшылығы – жоғары өнімділік және сенімділік. Болашақта көп қабатты платаларды өндіру жоспарда бар.

Кездесу барысында депутаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының маңыздылығына тоқталып, олардың ішінде отандық өндірушілерді қолдау, инновациялық және сервистік секторларды дамытуға бағытталғандарын ерекше атап өтті.

- Кәсіпорында жоғары технологиялық өндірісі қолға алынған. Қазіргі уақытта отандық өндіріске көп көңіл бөлу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы айтты. Платаларды өндіру – уақыт талабы, олар электрондық жабдықтар үшін, радиостанциялар үшін қажет. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бұл маңызды. Көптеген электрондық құрылғыларда шетелдік платалар орнатылған, енді біз отандық платаларды пайдалану мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бұл ақпаратты қорғау, киберқауіпсіздік тұрғысынан маңызды, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов.

Ал, Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ескелді ауданындағы ГЭС-2 құрылыс алаңында болды.

Депутат өткен жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары барысымен танысып, құрылысшылармен және энергетикалық кампания өкілдерімен кездесті.

Аудандық партия филиалы төрағасы, аудан басшысы Бағлан Тәнекенов атап өткендей, Шажа өзеніндегі ГЭС-2-ң жобалық қауттылығы 25,8 МВтты құрайды.

Жоба Алматы облысы бойынша «100 объектілер» қатарында. Станция директоры Виктор Сычевтің айтуынша, бүгінгі таңда 9,3 миллиард теңгені құрайтын жоба бойынша, 18 жаңа жұмыс орны ашылған.

Қазіргі уақытта 10 киловатттық ЖЖ (жоғары кернеулі желілер) құрылысы, канал астында жер жұмыстары, станция құрылысы, бетон араластыру қондырғыларын орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, станция қызметкерлеріне арнайы қалашықтың құрылысы қолға алынған.

Жаңа электр станциясының маңыздылығын атап өткен Мәжіліс депутаты оның іске қосылуы аймақтағы электр қуатының құнын төмендетуге көмектесетініне сенім білдірді.

- Біз мұнда жаңа технологиялар енгізіліп, цифровизация жүзеге асырылып жатқанына көз жеткіздік. Меніңше, осындай жобаларға қолдау көрсетіп, оларды дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, - деді Әбдіманап Бектұрғанов. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы