Депутат халықтың табысын көтерудің жолын ұсынды

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, "Ауыл аманатын" 3 жыл бұрын іске қостық. Жетістік жоқ емес. Бар. Тек 2023 жылы 100 млрд теңге шағын несие берілді. 15 000 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ бағдарламаның орындалуына келгенде айтылып жатқан сын аз емес.

Әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба – осы болғандықтан одан үміт күтетін ел көп. Бірақ, сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес. Неге бұлай? Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре сарсаңға салуға дайын. Әлжуаз әлеуметке бюрократия 3-4 айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Бұл бір. Екіншіден бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Негізі жобаның басты мақсаты - 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты, былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген, - дейді Толықбай.

Ол тағы бір өзекті мәселе кадр тапшылығы екенін атап өтті. Кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді. Сөйте тұра кооператив қызметіне күнделікті мониторинг пен бақылау жүргізу, ақпараттық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсету туралы айтқымыз келеді.

Сондықтан өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (СПК) несие үлестіріп, немкетті деп қана отырмай бірінше кезекте өңірдегі осындай өзекті мәселелерге де мән бергені жөн. Әйтпесе қазір, әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар. Несие алатын адамдардың санын толтыру және берген ақшаны игеру. Бітті. Осы ретте, пилоттық ауылдар жобасы принципін міндетті түрде қалдыру қажет. Әйтпесе, жобаның мәні жоғалады, жоба тек кредит беретін кезекті бағдарлама ретінде баянсыздың күнін кешеді, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, пилоттық принцип тоқтаса, онда ауыл кооперативтерін құрудың, тиісінше, лизингке техника берудің де қажеті болмай қалуы мүмкін.

Ең қызығы, кооперативттер құру деген не? Оның механизмі қандай? Бұны жергілікті атқарушы органдардың өзі түсінбей жатады. Сонда оны қарапайым халық қайдан түсінеді? Сондықтан ең алдымен ауыл тұрғындары арасында жалпы жоба туралы, соның ішінде ауыл кооперативтерінің жұртқа, нарыққа беретін пайдасы мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын ширатқан жөн. Сондай-ақ, ауыл халқының табысын көтеру үшін, тұрғындарды ауыл шаруашылығы бойынша технологиялық карталарға оқыту мәселесі өте өткір болып тұр, - дейді Мақсат Толықбай.

Ол мұны Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтқанын еске салды. 

Бірақ бұл тапсырма бойынша Үкімет те, өңір әкімдері де қылаудай шешім қабылдамаған. Бұл үкіметке, әкімдіктерге сын. Бұл жүйені іске қоспай, қалыптастырмай ауыл халқының табысын көтеру мүмкін емес. "Агросауат" орталығы жүйе қалыптастыратын, білмегенге үйрететін, білгенге қолдау болатын орталық, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ол Ұлттық экономика министріне "Агросауат" оқу орталықтарын ашу туралы министрліктің жоспарымен тез арада таныстыруды сұрады.

Жалпы кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Ал оны бағып қағу үшін жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Сонымен қатар, қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріле бастады. Жақсы бастама. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техниканың сақталуын кім қамтамасыз етеді? – деп сұрады Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы