Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді

12 Ақпан 2025, 11:18
788
Бөлісу:
Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді
Evgeniy Maloletka/AP/dpa/picture alliance

Украинада жас сарбаздар үшін жаңа келісімшарт бекітілді

Украина Министрлер кабинеті елдің Қорғаныс күштерінде қызмет еткісі келетін 18-24 жас аралығындағы еріктілер үшін 1 жылдық келісімшартты бекітті. Бұл туралы қорғаныс министрі Рүстем Умэров өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Біз заман талаптарына сай жаңа әскери жасақтау жүйесін қалыптастырып жатырмыз, – деді ол.

Келісімшарт бойынша 18-24 жас аралығындағы еріктілер 1 жыл ішінде жалпыәскери дайындықтан, кәсіби даярлықтан, сондай-ақ әскери бөлімде бейімделу курсынан өтеді.

Еріктілерге 1 миллион гривен (шамамен 23 мың еуро) мөлшерінде бір реттік ақшалай көмек төленеді. Оның ішінде:

  • 200 000 гривен – келісімшартқа қол қойған кезде,
  • 300 000 гривен – дайындықтан өткеннен кейін,
  • 500 000 гривен – әскери бөлімнің жеке құрамынан шығарылған күні.

Сонымен қатар жас сарбаздың ай сайынғы жалақысы 120 000 гривенге дейін жетуі мүмкін. Әскери қызметті аяқтаған соң оларға 0% ипотека мен бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.

Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді
AFP

Италия полициясы мафияның 130-ға жуық мүшесін ұстады

Италияның Палермо қаласында сицилиялық мафияға қарсы кең ауқымды операция барысында шамамен 130 адам тұтқындалды. Бұл мафияның соңғы онжылдықтардағы соққыларға қарамастан, әлі де ықпалды қылмыстық күш екенін көрсетеді.

"Коза Ностра" аталып кеткен Палермо мен оның маңындағы мафиялық топ, 1980-1990 жылдары Италияны үрейде ұстаған. Алайда кейінірек оны Еуропадағы ең ықпалды қылмыстық ұйым ретінде Калабриядан шыққан "Ндрангета" басып озды.

Сейсенбі күні ұсталған күдіктілерге есірткі саудасы, кісі өлтіруге оқталу, бопсалау, заңсыз онлайн құмар ойындары мен атыс қаруын заңсыз сақтау секілді қылмыстар тағылғанын Carabinieri полициясы мәлімдеді.

Бұған қоса, басқа қылмыстар үшін қазірдің өзінде түрмеде отырған 33 адамға қосымша ордерлер шығарылды.

Тергеу барысында Палермо мафия кландарының өз қызметін қала мен оның аймағында бұрынғыдай үйлестіріп отырғаны анықталды, бұл әсіресе есірткі саудасына қатысты.

Сондай-ақ, қаланың ішкі мафиялық топтары соңғы жылдары қайтадан билікті қалпына келтіргені атап өтілді. Бұрын олар Палермодан тыс орналасқан Корлеоне қаласынан шыққан әйгілі мафия басшылары Тото Риина мен Бернардо Провенцаноның ықпалында болған еді.

Қазіргі мафия жетекшілері заманауи технологияларды қолданатыны анықталды: олар түрмеге жасырын кіргізілген шифрланған мобильді телефондар арқылы өз әрекеттерін басқарып, қамалған мафия басшыларының бұйрықтарын орындауды жалғастырады.

Құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне қарамастан, "Коза Ностра" әлі де жастарды тартуын жалғастырып отыр, деп мәлімдеді Carabinieri. Тергеу барысында жас мафия мүшелерінің аға буын өкілдерінен "мафиялық сабақтар" алғаны құжатталған.

Жас мүшеге бопсалау құрбандарына қатысты қалай әрекет ету керектігі түсіндіріліп, мафия басшыларымен қарым-қатынас орнату бойынша нақты нұсқаулар берілген, – делінген полиция мәлімдемесінде.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони X әлеуметтік желісінде тұтқындауларды "Коза Ностраға қатты соққы болды" деп бағалап, "мафияға қарсы күрес тоқтаған жоқ және тоқтамайды" деп мәлімдеді.

Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді

Иордания палестиналықтардың қоныс аударуына қарсы шықты

Иордания королі Абдалла II АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу барысында Газа секторы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы палестиналықтарды Иордания мен көршілес араб елдеріне қоныстандыруға қарсы екенін тағы да мәлімдеді. Бұл туралы монарх X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Бұл – араб елдерінің ортақ ұстанымы, – деп атап өтті ол.

Король Абдалла II Трамппен келіссөздерінде Иордания мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті талқылағанын жеткізді. 

Бұл әріптестік тұрақтылық, бейбітшілік және ортақ қауіпсіздік үшін сақталып отыр, – деді ол.

АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы жағдай жөніндегі жоспарларына қатысты пікір білдірген Иордания королі аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етудің жалғыз жолы "екі мемлекет құру негізінде әділ бейбітшілік орнату" екенін атап өтті.

Бұл үшін АҚШ-тың көшбасшылығы қажет. Президент Трамп – бейбітшілікті жақтаушы адам. Ол Газа секторында атысты тоқтатуда маңызды рөл атқарды. Біз АҚШ пен барлық мүдделі тараптардың бұл келісімді сақтауына сенім артамыз, – деп түйіндеді Абдалла II.

Әлемде: Украина әскерге 18 жастағыларды шақыра бастады, Италияда мафиямен күрес күшейді
Dominic Gwinn/ZUMAPRESS/picture alliance

Трамп АҚШ қаржы министрін Украинаға жіберді

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Украинаға барып, ел президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде хабарлады.

Қаржы министрі Скотт Бессентті Украинаға президент Зеленскиймен кездесуге жіберемін. Бұл соғыс ЖАҚЫН АРАДА АЯҚТАЛУЫ КЕРЕК ЖӘНЕ ОЛ ЖАҚЫН АРАДА АЯҚТАЛАДЫ. Тым көп адам қаза тапты, бәрі қирап жатыр. АҚШ әлем бойынша миллиардтаған доллар жұмсады, бірақ нақты нәтиже аз. Америка мықты болғанда – әлемде бейбітшілік орнайды, – деп жазды Трамп.

Reuters агенттігі де Бессенттің Украинаға осы аптада баратынын хабарлады. Агенттіктің дереккөзіне сүйенсек, АҚШ қаржы министрі украин билігімен сирек кездесетін металдар кен орындарына, энергетикалық ресурстарға және энергетика саласындағы активтерге қол жеткізу мәселесін талқылайды. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік кәсіпорындар туралы да сөз қозғалады.

Ақпан айының басында Дональд Трамп АҚШ-тың Украинаға қорғаныс соғысында көмек көрсетуге дайын екенін, бірақ бұл үшін Украинаның табиғи ресурстарына, әсіресе сирек кездесетін металдарға қол жеткізу қажет екенін мәлімдеген еді. 

Ал 9 ақпанда Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Вашингтонның Украинадағы мұнай мен газ кен орындарына да қызығушылық танытып отырғанын айтқан.

Скотт Бессент – Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғаннан бері Украинаға сапар шеккен алғашқы үкімет мүшесі.

Өзгелердің жаңалығы