Денсаумин Ақмола облысындағы эвакуациялық пункттердің жағдайын бақылауға алды
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Ол су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың отырысына қатысып, өңірдің эвакуациялық пункттері мен медициналық мекемелерінде болды.
Бірінші вице-министрі өңірге сапарын облыстық балалар ауруханасы мен көпбейінді қалалық аурухананың жанындағы инфекциялық аурулар орталығына барудан бастады. Ол медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтарымен танысып, дәрігерлермен және пациенттермен әңгімелесті.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахылбеков баяндағандай, барлығы облыс бойынша сыйымдылығы 12 мың адам болатын 268 эвакуациялық пункт, оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша сыйымдылығы 2500 адам болатын 22 эвакуациялық пункт дайындалды. Бүгінгі таңда 2766 адам эвакуацияланды.
Эвакуациялық пункттерде эвакуацияланған зардап шеккендер мен медициналық көмекке жүгінгендер жоқ, созылмалы аурулары бар жоқ және «Д» есебінде тұрған адамдар базалық препараттармен қамтамасыз етілген, медициналық бақылауда. Эвакуациялық пункттердегі жағдай медициналық ұйымдардың бақылауында, - деп атап өтті Нұрлан Ахылбеков.
Барлық медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде. Осы кезеңде су басуға ұшыраған денсаулық сақтау нысандары жоқ. Ақмола облысы бойынша тәулік бойы 88 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеуде.
Сонымен қатар Тимур Сұлтанғазиев Бурабай ауданының Атамекен ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды. Бүгінгі таңда барлық медициналық ұйымдарда су басқан елді мекендерде медициналық алғашқы көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспары, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі жоспар және облыстың азаматтық қорғау қызметтерімен өзара іс-қимыл жоспары әзірленді.
Сондай-ақ денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Бурабай ауданы Макинск қаласындағы тұрғындарды уақытша орналастыру пунктінде болды. Ол су басқан ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылау және оларға медициналық қызметтердің толық пакетін ұсыну бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Барлық медициналық ұйымдар, оның ішінде жолдарды су басып кетуге байланысты қолжетімділігі жоқ елді мекендердегі медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде, дәрілік заттардың бір айлық қоры қамтамасыз етілген, шұғыл медициналық көмекке қызмет көрсету ТЖ қызметімен өзара іс-қимыл бойынша жүргізіледі, су тасқынына қарсы штабтармен және эвакокомиссиялармен байланыс орнатылған.