Дэн Меркли Қазақстанның «Болашақ ойындарын» өткізудегі рөлін жоғары бағалады
Халықаралық сарапшының сөзінше, Астана цифрлық спорттың әлемдік орталығына айналады.
Астанада өткен «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің салтанатты ашылу рәсімінде Phygital International ұйымының бас директоры Дэн Меркли Қазақстанның жаңа буын спортын дамытудағы рөліне жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өз сөзінде ол бұл жарыстың жай ғана халықаралық спорттық дода емес, инновация, ынтымақтастық және болашаққа ұмтылыстың символына айналғанын атап өтті.
Бүгін біз жай ғана халықаралық спорттық жарыстың басталуына куә болып отырған жоқпыз. Бұл – өршіл мақсаттардың, инновацияның және ынтымақтастықтың мерекесі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер, қауымдастықтар мен жаңашыл ой иелерін жаңа идеяларды батыл қабылдау арқылы болашақты бірге қалыптастыруға үндейтін ерекше мүмкіндік, – деді Дэн Меркли.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан Үкіметіне, Туризм және спорт министрлігіне, жергілікті ұйымдастыру комитетіне, серіктестерге және турнирдің өтуіне үлес қосқан барлық ұйымға алғыс білдірді.
Phygital International ұйымының бас директорының айтуынша, алдағы күндері Астана цифрлық әлемнің басты орталықтарының біріне айналады.
Елордада әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар, жетекші киберспорт ұйымдары, инновация саласының өкілдері, халықаралық серіктестер, БАҚ және жанкүйерлер бас қосады. Олар физикалық шеберлікті, цифрлық бәсекені және технологиялық инновацияларды тоғыстырған спорттың жаңа дәуірін әлемге паш етеді, – деді ол.
Дэн Меркли Қазақстан халқына қонақжайлығы мен серіктестігі үшін ерекше ризашылығын білдіріп, «Болашақ ойындары – 2026» елдің спорттың болашағын қалыптастыруға және әлемді Астанада тоғыстыруға деген ұмтылысын көрсететін маңызды жоба екенін айтты.
Сөз соңында ол жарысқа қатысушылар мен қонақтарға шабытқа толы, есте қаларлық әрі табысты ойындар тіледі.
Бұған дейін Президент «Болашақ ойындарының» маңызын атады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ – өскелең ұрпақтың қолында екенін айтып, жастарға үндеу жасады.