ДДСҰ басшысы Израиль мен Газа секторындағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус елордада өтіп жатқан жаһандық конференцияда Израиль мен Газа секторындағы жағдайға қатысты сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ДДСҰ басшысы Израильді Газа секторындағы электр мен су жеткізуді қалпына келтіруге шақырды.
Израиль мен Палестинаның оккупацияланған аумағындағы зорлық-зомбылық бүкіл әлемді шошытты. ХАМАС пен өзге де қарулы топтардың 7 қазандағы Израильдің азаматтық тұлғаларына қарсы шабуылы аса қорқынышты әрі ақтауға келмейтін әрекет. Біз оларды қатты жазғырамыз. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газадағы бомбалау мен басқыншылықтан зардап шегіп жатқан бейбіт халықтың денсаулығы мен амандығына алаңдаулы, - деп атап өтті ұйым басшысы.
Сондай-ақ ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Мысыр арқылы Газаға гуманитарлық көмекті алғашқылардың бірі болып жеткізді деп отыр.
Әрине, бұл жақсы бастама. Бірақ жеткіліксіз. Бізге Газаға жол ашық болғаны, гуманитарлық көмектің тұрақты ағыны керек. Мен БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мақсат үшін атысты тоқтату туралы үндеуін қолдаймын. Мен Газада ХАМАС пен өзге де қаруланған топтардың қолына түскен тұтқындарды кешіктірмей босатуға шақырамын. Олардың ішінде балалар мен шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамдар бар. Мен Израиль мен ХАМАС-ты халықаралық құқық аясында алған міндеттемелерді ұстанып, бейбіт халықты қорғауға, оларды материалдық көмекпен қамтамасыз етуге шақырамын. Израильді Газаға электр қуатын, су мен жанармай жеткізуді қалпына келтіруге шақырамын, - деді Тедрос Гебрейесус.
Еске сала кетейік, Астанада МСАК бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығына, МСАК бойынша Астана декларациясының 5 жылдық мерейтойына және ДДҰ-ның 75 жылдық мерейтойына арналған МСАК бойынша жаһандық конференция өтіп жатыр.