Бүгiн 2026, 17:11 Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

ДДСҰ басшысы: Балалардың дауысы естілгенде ғана саясат тиімді болады

ДДCҰ директорының сөзінше, әрбір баланың сапалы денсаулыққа құқығы бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус елордада өтіп жатқан балалар денсаулығына арналған халықаралық конференцияда маңызды үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, бірқатар өзекті мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, балаларға қатысты саясат олардың пікірін ескергенде ғана шынайы нәтижеге қол жеткізеді.

Балалар мен жасөспірімдердің пікірі ескеріліп, олар шешім қабылдауға тартылған кезде ғана балалардың мүддесіне бағытталған саясат күшейіп, тиімді бола түседі, - деп атап өтті Гебрейесус.

ДДCҰ директоры әрбір баланың сапалы денсаулыққа құқығы бар екенін атап өтті.

Әрбір баланың мүмкін болатын ең жоғары деңгейдегі денсаулыққа қол жеткізуге құқығы бар. Бірақ денсаулық тек емхана мен ауруханада ғана қалыптаспайды, - деді ол.

Оның сөзінше, баланың денсаулығы отбасында, мектепте және қоғамда, соның ішінде цифрлық ортада қалыптасады.

Денсаулық отбасында, мектепте, қоғамда және барған сайын цифрлық ортада қалыптасады, - дейді ДДСҰ басшысы.

Сондықтан конференцияда көтерілген тақырыптардың маңызы ерекше болған.

Балалардың ерте дамуы, алғашқы медициналық көмектің сапасы, теңсіздікті азайту, қауіпсіз мектеп ортасы, психикалық саулық және зорлық-зомбылықтан қорғау – бүгінгі күннің ең маңызды бағыттары, - деді Тедрос Адханом Гебрейесус.

Бұған дейін Астанада балалар денсаулығына арналған халықаралық конференция өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Қазақстан ДДСҰ және ЮНИСЕФ қолдауымен балалар денсаулығын сақтау саласындағы көшбасшылығын күшейтуде.