Дәулет Мұқаев халық арасында дұрыс тамақтануды насихаттауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев халық денсаулығына алаңдап, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Созылмалы бүйрек ауруы таралуының өсуі Қазақстанға да әсер етіп жатыр. Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын осы ауруға шалдығады, бірақ жетеуінің біреуіне ғана созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылады. Бүгінгі таңда бүйрек трансплантациясына кезекте 3600-ге жуық қазақстандық, оның ішінде 80-нен астам бала тұр. Біз бұл үрдісті уақтылы тоқтатпасақ, келешекте елімізде денсаулық сақтау жүйесіне және экономикаға түсетін ауыртпалық едәуір артады, - дейді Мұқаев.
Экономикалық тұрғыда айтатын болсақ, гемодиализ алып жатқан әрбір адамға жылына 5,6 млн теңгеден асып жығылса, барлық диализ алатын адамдарға (шамамен 12 000-нан асады) жылына 67 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады. Бұл ауру көбінесе алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты: қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік.
Депутаттың ақпаратынша, гипертониямен өмір сүретін адамдар саны 1990 жылдан 2019 жылға дейін екі есе өсіп, 1,3 миллиард адамға жетті, ең қорқыныштысы олардың 50 пайызынан көбі өзінің қан қысымы жоғары екенінен бейхабар. Қант диабетімен ауыратын 537 миллион адамның 40%-ында созылмалы бүйрек ауруы дамиды.
Бұл тенденциялар Қазақстан үшін де өзекті болып отыр, себебі елімізде диабетпен және гипертониямен ауыратындар саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда біз бұл мәселеге тек медициналық тұрғыдан емес, стратегиялық тұрғыдан қарап, жүйелі алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет, - деп санайды Мәжіліс депутаты.
Депутат мәселені шешу үшін мынадай ұсыныстар жасады:
- Созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізу;
- Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейту;
- Қоғам арасында дұрыс тамақтану мен физикалық белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында кешенді ақпараттық кампаниялар жүргізу;
- Нефрологиялық қызметті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеу;
- Денсаулық сақтау жүйесінде созылмалы бүйрек ауруы бойынша мәліметтерді жинау мен сараптаудың цифрлық жүйесін жетілдіру.
Еске салайық, осыған дейін дәрігер қан тапсыру жастық пен саулықтың кілті екенін айтқан болатын. Сонымен қатар диетолог маманы қант жемесе, адам ағзасы жақсаратынын айтты.