Дәрігер гепатиттің қалай алдын алуға болатынын айтты

Елордада гастроэнтерология және гепатологиядағы диагностика мен емдеудің өзекті әдістері талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Германиядағы Аахен университет клиникасының гастроэнтеролог-гепатологы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының профессоры және консультанты, GHTG.kz вице-президенті Қахарман Есмембетов іс-шараның маңызына тоқталды.

Бүгінгі жиынның мақсаты – елдегі мамандардың біліктілігін арттыру, гастроэнтеролог-гепатологы саласындағы соңғы жаңалықтармен және жетістіктермен таныстыру. Ол үшін шетелден мамандарды шақырдық. Мысалы, Германияның 1387 жылы ашылған әлемге әйгілі ең ескі университеттерінің бірі Гейдельбергтің профессоры Андреас Тойфельді алып келдік. Ол - Германияда және Еуропада гепатология саласы бойынша ең білікті мамандардың бірі, - деді Есмембетов.

Конгресте мамандар бауырды ультра-дыбыстық зерттеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізбек. 

Гепатит вирусын қазіргі таңда 5 түрге бөлеміз. Оның 3 түрі, яғни В, С және D созылмалы гепатитке, бауыр циррозына, бауыр қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін. Қазақстанда В, С және D гепатитімен неше адам ауыратынының нақты саны жоқ. Бірақ осыған дейін жасаған зерттеулеріміз бойынша бұл гепатиттердің Қазақстанда көп таралған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, Қазақстан әлемде В және С гепатиті кең таралған мемлекеттер қатарына жатады, – деп атап өттіп гастроэнтеролог.

Қахарман Есмембетов осы аурулардың диагностикасы және олардың емі маңызды екенін қоса кетті. Өйткені бұл ауруларды уақытында емдемесе, онда бауыр циррозына және бауырдың қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін. 

Ал ондай кезеңде ауруды емдеу, науқасты қайта аяғына тұрғызу бастапқы кезеңге қарағанда әлбетте қиынырақ. Сондай-ақ ондай науқастарды емдеудің мүмкіндіктері де шектеулі. Бауыр ауруларының, әсіресе В және С гепатитінің алдын алудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, жасы 18-ден асқан ересек адамдар өмірінде кем дегенде бір рет В және С гепатиті ауруына тексерілгені абзал, - деп айтты дәрігер.

Қахарман Есмембетов гастроэнтеролог-гепатологтар Қазақстандағы барлық пациент тексерілгені жөн деп санайтынын айтты.

Екіншіден, егер жасыңыз 18-ден асса, сізге қан құйылса не болмаса 1991 жылға дейін қандай да бір ота жасалса немесе үйіңізде әке-шешеңізде В және С гепатиті болса, онда мұндай жағдайларда да В және С гепатитіне тексерілген дұрыс. Өйткені бұл аурулардың алдын алып, дер кезінде диагнозы қойылса, оны өмірге қатер туғызбайтындай емдеуге болады, - деп түсіндірді ол.

Дәрігердің сөзінше, әлемде гепатиттен (егер В гепатитін алатын болсақ – авт.) жылына шамамен 1 млн науқас көз жұмады. Олардың қайтыс болуының басты себебі – бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігі.

Сондықтан В және С гепатит диагнозы бар адамдардың ауруын асқындырып алмас үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Асқынып кеткен кезеңге жеткен соң, біздің қолымыздан келетіні шамалы. Емдеу мүмкіндігіміз бастапқы кезеңге қарағанда шектеулі болады, - деп айтты Қахарман Есмембетов.

«Gastro Hepato Transplant News-2024. Гепатология мен гастроэнтерологиядағы өзекті мәселелер» атты халықаралық VIІ ұлттық конгресті Денсаулық сақтау министрлігінің колдауымен Ұлттық ғылыми онкология орталығы және «Gastro Hepato Transplant Group KZ» гепатологтар/гастроэнтерологтар қауымдастығы өткізіп жатыр. Конгресс екі күнге созылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы