Дәрігер емдік қасиеті дәлелденбеген дәрілерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәлелдемелі медицина бойынша емдейтін қазақстандық терапевт, дәрігер Меруерт Бақыт емдік қасиеті дәлелденбеген препараттарды атады.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Ақшаңызды үнемдеудің жолын айтайын ба?! Актовегин, мексидол, глицин, кавинтон, церебролизин, кудесан, милдронат, цераксон, антигипертензивті фито шайлар - бұл препараттарға ақша кетіріп, сатып алудың қажеті жоқ, себебі бұлар - дәлелдемелі медицина бойынша әсері дәлелденбеген препараттар. Бұл препараттар тіпті Қазақстан Республикасының емдеухаттамаларында да жоқ, - дейді ол.

Ол емдік қасиеті дәлелденбесе, неге онда оларды дәрігерлер тағайындайды деген сауалға жауап берді.

Жауап берейін. Емханада болсын, ауруханада болсын, жұмыс істейтін дәрігерлер біледі, құдайдың құтты күні, күн сайын, фармацевтикалық компаниялардың өкілдері келіп, өздерінің препараттарын мақтап, егер күнде осыны науқастарыңызға тағайындасаңыз, сізге осындай жеңілдік не бонус болады деп қызықтырады. Әрі кей жағдайда науқаста бәрі жақсы болса да, укол, система беріңіз деп тұрып алғанда, қандай да бір препарат тағайындасаң, тынышталып кетеді, - дейді дәрігер.

Ол панангин және аспаркам препараттарының тиімділігі туралы айтты.

Панангин және аспаркамды да қарапайым халық қабылдауға құмар, бірақ жоғарыдағы препараттарға қарағанда бұлардың әсері жақсырақ. Егер калий мен магний жеткіліксіз болса, егер олардың қандағы мөлшері қалыпты болса, оны қабылдаудан гиперкалиемия (калий жоғарылауы) да өте қауіпті. Индап препаратын ішетін науқастарда жағымсыз әсер ретінде калий зәрмен шығып кететіндіктен, аспаркамды бірге қабылдау керек деген жиі қате түсінік бар. Тағы да айтарым, калий мөлшері жеткіліксіз болғанда ғана аспаркамды ішу керек, - деп түсіндірді ол.

Терапевт жүрекке стенд қойған соң тағайындап жататын танымал дәрі жайында айтты.

Предуктал (триметазидин) препаратын жиі жүрекке стент қойған соң тағайындап жатады. Бұл да әсері дәлелденбеген, қан қысымы кезінде әсері жоқ, әрі бұл препарат қымбат тұрады. Содан кейін барлық гипертоникке- кардио аспириндерді (кардиомагнил, тромбоасс, аспирин кардио) қабылдау қажет емес. Егер жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия болса, әрі қан қысымы 160-170 болып тұрса да, аспиринді абайлап, қан қысымын тұрақтап барып қабылдаған дұрыс. Себебі қан кетулерге әкелуі мүмкін, - деп атап өтті Бақыт.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы