Ұшақ апаты: Дәл осы ұшақпен ұшуым керек болған, жұмыстарым бітпей қалып қойдым – кәсіпкер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жеке кәсіпкер Бауыржан Самен бастаған үш адам бүгін апат болған ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына ұшулары керек болған, алайда жұмыстары бітпей олар қалып қойыпты.

Кәсіпкердің айтуынша, олар осы сәрсенбі күні Алматыға іссапармен келген. Бүгін құлаған ұшақпен кері Нұр-Сұлтан қаласына ұшуы керек болған. Алайда, шаруалары бітпей, тағы 1-2 күнге қалып қойыпты. 

Билеттерді ауыстырайын деп Bek Air әуекомпаниясына хабарласқанымда, олар "билеттеріңіз кері қайтарылмайтын билет екен" деп жауап берді. Олай болса жарайды деп, басқа ұшаққа билет алып қойдық, - дейді Бауыржан Самен. 

 


 

Бауыржан таңғы намазын оқып болып, теледидардан жаңалық көріп отырғанда, телефонына ұшақтың құлағаны жайлы хабарламалар келе бастаған.

Құлаған ұшақтың рейсіне қарасам, дәл біз ұшу керек болған ұшақ екен. Оны оқығанда көңілім толқып, біртүрлі болып қалдым. Қайтыс болғандардың арасында менде болуым мүмкін еді. Алла бар, Алла сақтады. Қасымдағылар "бұл өмірде атқаратын қызметің бітпеген, Алла сақтады" деп жатыр, - дейді ол.  

Бауыржанмен бірге тағы екі адам осы ұшақпен ұшу керек болған. Олардың да билетін қайтармапты. 

Қазір билеттер өте қымбат, дегенмен Алла сақтады. Бүгін жұма, садақа беріп, құран оқытсақ деп отырмыз, - дейді ол.  

Бұған дейін, таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Bek Air әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктікке көтеріліп барып құлап, Қызыл ту ауылы маңында апатқа ұшырағанын хабарлағанбыз.

Апат салдарынан 12 адам қаза таптыҰшақ апатына байланысты шұғыл телефон желісі ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы