Вице-министр: Дағдарыстың алдын алуға 5,9 трлн теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 триллион теңге бөлінеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес үкімет экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі және қабылдап отыр. Дағдарысқа қарсы шаралардың пакеті, салық преференциялары мен жергілікті қолдауды қоспағанда, қосымша 5,9 триллион теңге. Оның 2,5 триллион теңгесі бюджеттік емес қаржыдан, 3,5 трлн теңге республикалық бюджеттен бөлінеді, - дейді Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, осылайша үш бағыт бойынша қаржыландыру жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Біріншіден, экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдайды қамтамасыз ету үшін 1,2 трлн теңге қарастырылып отыр.

"Жұмыспен қамтудың жол картасын" жүзеге асыруға бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінеді. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, 250 мың жұмыс орны ашылады. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасын іске асыру үшін қосымша 84,5 млрд теңге жоспарланған. Кәсіпкерлерге қарыздарды субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту қарастырылған. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын құруға және 250 млрд теңгеден астам салықтық түсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді, - дейді вице-министр.
Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген санаттарына 5 567 теңге тұратын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етуге 30,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл шара 2 миллионнан астам адамды қамтиды.

Бұған дейін қаржы вице-министрі Қазақстан коронавируспен күрес кезінде миллиардтаған қаражатты қайда жұмсағанын айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы