Цой 6 миллион доза вакцина жеткізу жоспары барын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін «Санитариялық-эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында өткен Үкімет отырысы барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. 

1 сәуірден бастап вакцина салдыратындар тізімі кеңейтілді. Кестені жергілікті атқарушы органдар құрады. Бүгінде І компонентпен 194 706 адам екпе алса, ІІ компонент бойынша 72 110 адам егілді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік береді, - деді ол. 

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы иммундау жоспарына сәйкес өңірлерге вакциналарды жеткізудің көлемі мен алдын ала мерзімдері анықталғанын айтты. 

Елдегі эпиджағдайға сәйкес, сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласына - 284 мыңға дейін, Алматыға - 464 мыңға дейін, Шымкентке - 172 мыңға дейін, Алматы облысына - 232 мыңға дейін, Қарағанды облысына - 217 мыңға дейін вакцина жеткізу көлемі ұлғайды. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанға бірінші жартыжылдықта вакциналардың 6 млн-нан астам дозасын жеткізу жоспарлануда, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл көлем КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде вакцинацияланғысы келетін адамдардың қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді Цой.
Цой бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы 28 күннен бері «қызыл» аймақта тұрғанын мәлімдеген болатын. Ол сонымен қатар инфекциялық стационарларда жүктемесі ең көп өңірлерді атады. Сонымен қатар министр жаңа штаммдарды бақылау жалғасып жатқанын айтқан еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы