ChatGPT бәсекелесі 104 млрд доллар шығынға ұшырады
Claude әзірлеушісі IPO-ға дайындалып жатыр. Компания кірісін бірнеше есе арттырғанымен, қаржылық есебіндегі шығын көлемі назар аудартты.
Жасанды интеллект әзірлеумен айналысатын америкалық Anthropic компаниясы 2026 жылдың басынан бері 104 млрд доллар шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы компанияның алғашқы жария орналастыруға (IPO) дайындық аясында дүйсенбі күні тапсырған жаңартылған эмиссия проспектісінде көрсетілген.
Deutsche Presse Agentur басылымының мәліметінше, сонымен қатар компанияның қаржылық айналымы айтарлықтай өскен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Anthropic кірісі 33,2 млрд долларға жеткен. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,5 млрд доллар болған. Ал 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанындағы шығын көлемі 25 млрд долларды құраған.
Компанияның үшінші тоқсандағы қаржылық есебіне сәйкес, осы кезеңдегі түсімі 17 млрд долларға жетіп, шығыны 23,3 млрд доллар болған. Алайда шығынның басым бөлігі бухгалтерлік есепті түзетуге байланысты. Компанияның операциялық шығыны 567 млн долларды құрады.
ЖИ инфрақұрылымына миллиардтаған инвестиция
Anthropic жасанды интеллект модельдерін жетілдіру және есептеу қуаттарын арттыру үшін қомақты қаражат жұмсап жатыр. Соңғы тоқсанда компания есептеу ресурстарына шамамен 5 млрд доллар бағыттаған.
Жаңартылған проспектіде компанияның алдағы жылдары деректерді өңдеу орталықтарының қуатын арттыруға және инфрақұрылымын кеңейтуге 895 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғаны да көрсетілген. Оның 450 млрд долларға жуығы 2030 жылдың соңына дейін игерілуі тиіс.
Anthropic IPO-ға дайындалып жатыр
Компания алдағы апталарда акцияларын алғаш рет қор нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша Anthropic бұл қадамды биыл IPO өткізуді жоспарламай отырған ChatGPT әзірлеушісі OpenAI-ден бұрын жүзеге асыруы мүмкін.
Anthropic әзірлеген Claude жасанды интеллект жүйесі ChatGPT-мен ғана емес, Google, Microsoft және Meta сияқты ірі технологиялық компаниялардың өнімдерімен де бәсекелесіп келеді.
Сонымен қатар ЖИ саласына салынған орасан зор инвестициялардың өзін-өзі ақтау мүмкіндігіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы күшейген. Бұған қоса, жасанды интеллект бағдарламаларын пайдалану арқылы жасалған тәуелсіз хакерлік шабуылдар технологияның қауіпсіздігіне қатысты пікірталастарды қайта жандандырды.
Тағы оқи отырыңыз: Жұмыс қысқара ма, мүмкіндік көбейе ме: ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертеді?