БЖЗҚ шеттетілді: Мемлекеттік қарыз нарығы бес банктің қолына өтті ме?
Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының жаңа ережесі күшіне енді. БЖЗҚ неге шет қалды және бұл шешімнің астарында не жатыр?
Қазақстан ішкі борыш нарығының негізгі сегментін іс жүзінде елдегі бес ірі банкке тапсырды. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге, ал мемлекеттік қарыз көлемі шамамен 37 трлн теңгеге жеткен жағдайда Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк енді мемлекеттік ішкі қарыз алудың негізгі бөлігі жүзеге асырылатын бастапқы дилерлердің жаңа жүйесінің егжей-тегжейін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Редакцияның ресми сауалдарына берілген жауаптардан биліктің өтімділікті санаулы ойыншылардың қолына шоғырландыруға саналы түрде басымдық беріп отырғаны, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) бастапқы орналастыруларға тікелей қатысу мүмкіндігінен айырғаны және дилерлердің нақты спредтері мен тиімділігі туралы деректерді жариялауға әзір еместігі белгілі болды.
Жаңа жүйеде басты назар қатысушылардың ресми тізіміне емес, нарық өтімділігін қолдау бойынша сандық міндеттемелерді өз мойнына ала алатын шектеулі қатысушылар тобының болуына аударылады, – деді редакция сауалына берген жауабында Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Батыр Уахидов.
Ұлттық банк бастапқы дилерлер саны ішкі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының қазіргі құрылымы мен тереңдігін ескере отырып айқындалғанын атап өтті. Сонымен қатар бастапқы дилерлер тізімі бес банктен тұратын жабық клуб емес және барлық талаптарға сәйкес келетін қатысушылар қызығушылық танытқан жағдайда кеңейтілуі мүмкін. Бұл, атап айтқанда, шетелдік қаржы ұйымдарына да қатысты.
Нарық ірі банктердің бақылауына өтті
Еске салайық, бастапқы дилерлердің жаңа құрамына Halyk Bank, Bank CenterCredit, Еуразиялық банк, Kaspi Bank және ForteBank енді. Енді Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздардың негізгі бөлігін дәл осы банктер арқылы орналастыруды жоспарлап отыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін ішкі орналастырулардың қалған барлық көлемі жаңа жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Әңгіме ауқымы өте үлкен нарық туралы болып отыр. Тек 2026 жылдың өзінде қарыз алу қажеттілігі 8,7 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сонымен қатар Үкіметтің ішкі қарызы 27 трлн теңгеден асып, жалпы мемлекеттік қарыз көлемі 36,8 трлн теңгеге жеткен.
Неліктен дәл осы бес банк таңдалды?
Ұлттық банк таңдаудың басты себебі банктердің ресми мәртебесінде емес, олардың нарық өтімділігін қолдай алу қабілеті мен сандық міндеттемелерді өз мойнына алуға дайын болуында екенін ашық айтты. Реттеушінің пікірінше, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы кең ауқымды дилерлік модель үшін әлі де шағын әрі өтімділігі төмен.
Сонымен қатар Ұлттық банк екінші нарықта екіжақты баға белгілеу кезінде қатысушылардың келісілген әрекет ету тәуекелдерін жоққа шығарады.
Қазіргі бастапқы дилерлердің саны мен құрамы екінші нарықтағы екіжақты баға белгілеу кезінде қатысушылардың келісілген әрекет етуіне негіз болмайды деп есептейміз. Әртүрлі сауда және инвестициялық стратегияларды ұстанатын бірнеше бәсекелес қатысушының болуы мұндай ықтималдықты төмендетеді, – деді Батыр Уахидов.
Сонымен қатар Ұлттық банктің ресми жауабына қоса берілген мониторингтің скорингтік кестесі нарықтағы белсенділіктің негізінен ең ірі банктерде шоғырланғанын көрсетті. Бірінші орынды Halyk Bank иеленсе, одан кейін Bank CenterCredit, Еуразиялық банк және Kaspi Bank орналасқан.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы жалғыз америкалық банк – Citibank Kazakhstan мониторинг қорытындысында көшбасшылар қатарына енгенімен, кейіннен жобаға қатысудан бас тартқан.
Ұлттық банк жариялаған скорингтік модель мониторинг кезеңінде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы қатысушылар белсенділігінің қалай бөлінгенін көрсетеді. Кестеде банктер мен брокерлердің қорытынды ұпайлары ғана емес, сондай-ақ олардың бастапқы және қайталама нарықтағы операциялары мен қосымша бағалау критерийлері де қамтылған. Дәл осы рейтинг жаңа бастапқы дилерлер жүйесін қалыптастырудың нақты негізіне айналды.
Айта кетейік, мониторинг 2023 жылдың мамыр айында басталып, алты ай бойы жүргізілген.
БЖЗҚ бастапқы нарықтан шеттетілді
Ең көп талқыланған шешімдердің бірі – БЖЗҚ-ны Қаржы министрлігінің бастапқы аукциондарына тікелей қатысу құқығынан айыру болды. Енді елдегі ең ірі институционалдық инвестор мемлекеттік бағалы қағаздармен жұмыс істеу үшін банктердің делдалдық қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Бұл шешім мемлекеттік қарызды орналастыруда ғана емес, қаржы жүйесіндегі өтімділікті бөлуде де ірі банктердің рөлін күшейтеді.
Қазіргі уақытта бастапқы дилерлер институтының енгізілуіне байланысты БЖЗҚ Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын бастапқы орналастыруларға қатыса алмайды, – деп хабарлады редакция сауалына берген жауабында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Мәдина Айтпышева.
Ашықтық деңгейі әлі де шектеулі
Реформаның ауқымдылығына қарамастан, билік дилерлер жұмысының бірқатар маңызды көрсеткіштерін жариялаудан бас тартты. Ұлттық банк нақты спредтер, жекелеген дилерлердің белсенділік көлемі және маркет-мейкерлік міндеттемелердің орындалу сапасы жөніндегі статистиканы жариялауды жоспарламайтынын мәлімдеді.
Бұл нарық үшін жаңа модельдің тиімділігін бақылау мүмкіндігінің шектеулі екенін білдіреді. Іс жүзінде мемлекет ірі банктерге өтімділікті қолдау міндеттемелері үшін бастапқы нарыққа ерекше қолжетімділік беретін жабық жүйе қалыптастырып отыр.
J.P. Morgan индексіне үміт
Реформаның стратегиялық мақсаттарының бірі – Қазақстанды дамушы нарықтар үшін негізгі бағдарлардың бірі саналатын J.P. Morgan GBI-EM индексіне енгізу.
Ұлттық банк J.P. Morgan және халықаралық Euroclear депозитарийімен тікелей келіссөздер жүргізіп жатқанын растады. Шетелдік инвесторлар атап өтетін басты мәселе өзгеріссіз қалып отыр – қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігінің төмендігі.
Нарық қатысушыларының негізгі пікірі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін одан әрі арттыру қажеттігіне қатысты, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Басты сұрақ әлі ашық күйінде қалды
Сонымен қатар Қаржы министрлігі де, Ұлттық банк те жаңа модель мемлекеттік қарыз алу құнын нақты қаншалықты төмендететінін көрсететін есептеулерді ұсынған жоқ.
Реттеуші реформаның әсерін базистік тармақтармен бағалау қиын екенін ашық мойындайды. Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша кірістілік әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр: қысқа мерзімді қағаздар – 16,4%, орта мерзімді қағаздар – 16,1%, ал ұзақ мерзімді қағаздар шамамен 15,1% мөлшерінде орналастырылуда.
Іс жүзінде мемлекет өтімділікті ең ірі банктердің тар шеңберінде шоғырландыру уақыт өте келе өтімділіктің төмендігі үшін төленетін сыйақыны азайтып, нарықты шетелдік инвесторлар үшін тартымдырақ етеді деген үмітке сүйеніп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк БЖЗҚ мен Ұлттық қор активтерін басқару ережелерін жаңартатыны хабарланған болатын.