БЖЗҚ-да 45 млрд теңге жатыр: Мыңдаған қазақстандық өз ақшасын әлі алмаған
Зейнет жасына жеткен 279 мыңнан астам адамның БЖЗҚ-дағы жинағы талап етілмей тұр. Қор төлем алу үшін маңызды ескерту жасады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) азаматтарды зейнетақы төлемдерін алу үшін уақытылы өтініш беруге шақырды. Қордың мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен 279 мыңнан астам адамның шоттарында шамамен 45 млрд теңге көлеміндегі талап етілмеген зейнетақы жинақтары сақтаулы тұр.
БЖЗҚ салымшылардың, төлем алушылардың және қайтыс болған азаматтардың мұрагерлерінің зейнетақы жинақтарын алу құқығы туралы тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жыл сайын БЖЗҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнет жасына жеткенімен, қордағы жинақтарын алу үшін өтініш бермеген азаматтарға қатысты салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл үшін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіндегі деректер пайдаланылады, - делінген БЖЗҚ қорының хабарламасында.
Биылғы наурыз айынан бастап жаңа тәртіп енгізілді. Енді БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақтары бар және оларды алуға өтініш бермеген азаматтарға төлемдер проактивті түрде тағайындалады. Бұл тәртіп зейнеткерлік жасқа жеткендерге, сондай-ақ 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты төлем алуға құқығы бар азаматтарға қатысты қолданылады.
Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижесінде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорация арқылы төлемдерді автоматты түрде жүзеге асырады. Яғни мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алып отырған азаматтардың БЖЗҚ-да жинақтары болса, олар қордан да төлем ала бастайды.
45 млрд теңге талап етілмей жатыр
БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен 279 041 адамның міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан талап етілмеген жинақтарының жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгені құраған.
Олардың ішінде:
- 155 217 адам қайтыс болған. Олардың жинақтарын мұрагерлері талап ете алады;
- 61 459 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;
- 62 365 адам жасына байланысты зейнетақыны рәсімдеу үшін әлі күнге дейін ХҚКО-ға жүгінбеген.
Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады?
Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан төлем алу, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақыны рәсімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі тиіс.
Егер азаматтың БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтары болса және ол бұрын бұл төлемдерді алуға өтініш бермесе, төлемдер автоматты түрде бірге тағайындалады, - деп түсіндірді БЖЗҚ.
Шетелге көшкендер де жинақтарын ала алады
Қазақстан заңнамасына сәйкес, республикадан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын алуға құқылы. Бұл құқық Қазақстан заңдарында немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген жағдайда қолданылады.
Қайтыс болған адамның жинақтары мұрагерлеріне беріледі
БЖЗҚ-да жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі. Оның мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген 94 АЕК-тен аспайды және қайтыс болған адамның шотындағы қаражат көлемімен шектеледі.
Сонымен қатар азаматтың зейнетақы және нысаналы жинақтары заңнамаға сәйкес мұраға қалдырылады. Мұрагерлер қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде нотариусқа жүгініп, мұрагерлік құқық туралы куәлік алуы қажет. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, құқықты сот арқылы қалпына келтіруге болады.
БЖЗҚ қажетті құжаттардың толық тізімі мен төлем алу тәртібі туралы ақпараттың қордың ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде орналастырылғанын еске салды.
Тағы оқи отырыңыз: «Еңбек өтіліңіз табылды»: БЖЗҚ атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды алдап жатыр