БЖК-2020: Ақтөбеде 140-қа жуық жоба мемлекеттен қолдау тапты
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. "Бизнестің жол картасы - 2020", "Еңбек", "Даму Оптима" бағдарламаларының жүзеге асырылуын қадағалайтын "Даму" қорының Ақтөбедегі филиалы биыл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Жыл басынан бері жалпы құны 5,6 миллиард теңге болатын 146 кепілдік ұсынылды.
Ақтөбедегі "Даму" қорының филиалында үш бағдарлама бойынша кәсіпкерлерді қолдап, бизнестерін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Мамандардың кеңесі, бизнесмендер ұсынған жобаларды реттеу, қабылдау бірізділенген. Кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер мен жергілікті атқарушы органдар ауызбіршілікте жұмыс жасайды. Соңғы 9 айда өңірде "Бизнестің жол картасы - 2020", "Еңбек", "Даму Оптима" бағдарламалары аясында құны 9,2 миллиард теңгелік 144 жоба бойынша субсидиялау келісімшартына қол қойылған.
"Кез келген кәсіпкер басында мемлекеттік бағдарламаларға аса сақтықпен қарайды. Дегенмен, біз бизнес иелерінің мемлекеттің қолдауын барынша пайдаланғанын қалаймыз. Қордың мамандары түрлі бағдарламаларды пайдаланып, кәсіптерін арттырып отырған кәсіпкерлерді үлгі етеді. Бизнесмендердің де жағдайына кіруге тырысамыз. Себебі, кейбірі кәсіп ашу үшін немесе дамыту үшін қомақты қаржы салады ғой. Біздің "Даму" қорымыз оларға үнемі қолдау білдіруге дайын", - деді "Даму" қоры облыстық филиалының бас менеджері Бауыржан Дарқұлов.
"Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасының 3 бағыты бойынша соңғы 5 жылда 660-қа жуық жоба қолдау тапқан. Атап айтсақ, 2017 жылы мемлекеттің көмегін алған кәсіпкерлер көп болған. Олардың саны – 170-тен асқан. Ал, биыл қолдау алған жоба 139-ға жетті. Субсидиялау келісімінің жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Қор мамандарының сөзінше, өңірде "АТФ Банк", "Банк Центр Кредит", "Сбербанк" АҚ белсенді.
"2017 жылдан бастап елдегі көп өңірлерде "БЖК-2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржы тапшылығы сезілді. Бірақ біздің аймақа қосымша қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп отырды. Бұл – филиал көрсеткішінің жоғарылауына ықпал етті. Кәсіпкерлерді қолдауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыстамыз. Соңғы екі жылда облыс әкімдігі біздерге үздіксіз көмек көрсетіп, қаржы бөліп отырды. Биыл "БЖК-2020" бағдарламасымен бізге жергілікті бюджеттен 762 млн теңге бөлінді", - деді Бауыржан Дарқұлов.
Ақтөбе облысында "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау тауып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған ақтөбеліктер туралы айтып берейік.
Ақтөбеде ыдыс жууға арналған ысқыш шығарылады
Ыдыс жууға арналған ысқыш өңірге Ресей, Беларусь, Қытай мен Украинадан жеткізілетін. Ақтөбелік Айтжан Ұзақпаев өзге елдердегі кәсіпкерлерге бәсекелес боп отыр. Осыдан 4 жыл бұрын мұнай саласында қызмет еткен ол кәсіп ашуды жөн көрген. Өндіріс технологиясын зерттеп білген. Кейін "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау тауыпты. Жобаның жалпы құны - 9,4 млн теңге. Бағдарлама арқылы несие мөлшерлемесінің 14 пайызынан жылдық 7 пайыз субсидияланды. Айтжан Ұзақпаевтың кепілдік қаражаты жетпеген. Кәсіпкер үшін қор 1,5 миллион теңгеге жуық кепілдік шығарған. "Айзере" брендімен жас кәсіпкер ай сайын 5 мыңнан астам өнім шығарып отыр. Ақтөбе өңірімен қатар Орал, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын да қамтиды.
Ұлттық нақыштағы сандықтар
Халыққа қызмет көрсету саласының маманы Медет Өтегенов ұлттық нақыштағы сандық шығаруды қолға алған. Қыз жасауын дайындаумен де айналысады. "Бала кезінен қолөнерге қызығушылығым мықты болды" дейді кәсіпкер. Алдымен ағаш сандықтарды жасауды үйреніп, кейін олардың түрлерін көбейткен. Ісі өрге басқан Медет Өтегенов биыл кәсібін кеңейтіп, жиһаз өндіруге арналған қосымша құралдар алуға бел буған. Қолдауды мемлекеттен тапты.
"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен қаржы алды. Банктен алған 14 пайыздық несиенің 8,6 пайызын өтейді. Қалғанын мемлекет жауып береді. Несие сомасының 85 пайыздық мөлшері көлемінде "Даму" қоры кепілдік берді. Жоба аясында 4 жұмыс орны ашылды.
"Көлігіңізді өзіңіз жуыңыз"
Дәл осындай қызмет көрсету орынын ақтөбелік Айнұр Мұқанова ашты. Бұрынғы қаржыгер декреттік демалыста отырып, өз бизнесін ашуды ойлаған. Идеяны "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Жас отбасының жер телімі болған. Жоба "Халық банкі" арқылы қаржыландырылды. Көлік жуу кешеніне күніне 100-ге жуық көлік келеді.