«Бұл – XXI ғасырдағы құлдық»: Башимов адам саудасының жаңа қауіптері туралы ескертті
Адам саудасына қарсы күрестегі ең маңызды өзгерістердің бірі – халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін арнайы заңның қабылдануы.
Қазіргі кезде қылмыскерлер адамдарды тек жыныстық немесе еңбек қанауына ғана емес, қайыршылыққа мәжбүрлеу мен адам ағзаларын заңсыз сатуға да тартып отыр. Осыған байланысты Қазақстан соңғы жылдары адам саудасына қарсы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, жауапкершілікті едәуір күшейтті. Бұл туралы Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты Марат Башимов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Башимовтың сөзінше, адам саудасы – адам құқықтарына қарсы жасалатын ең ауыр қылмыстардың бірі әрі қазіргі заманғы құлдықтың көрінісі.
Қалайша XXI ғасырда адамдарды саудалауға болады? Бұл – қазіргі заманның құлдығы. Сондықтан жыл сайын 30 шілдеде аталып өтетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні барлық мемлекетке осы мәселемен күресті күшейту қажеттігін еске салады, – деді депутат.
Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай заң қабылданды
Депутаттың айтуынша, адам саудасына қарсы күрестегі ең маңызды өзгерістердің бірі – халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін арнайы заңның қабылдануы.
Оның сөзінше, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында берген тапсырмасынан кейін қолға алынған.
Бұған дейін мұндай арнайы заң болған жоқ. Президент халықаралық стандарттарға сай заң қабылдауды тапсырды. Құжатты әзірлеу барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЕҚЫҰ-ның ұсынымдары мен Палермо хаттамасының негізгі қағидалары енгізілді. Халықаралық сарапшылар да заңның халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін атап өтті, – деді ол.
Башимовтың айтуынша, заң жобасын әзірлеуге Ішкі істер министрлігі, Парламент депутаттары және халықаралық ұйымдардың сарапшылары бірлесіп қатысқан.
Ұлттық баяндамашы институты енгізілді
Биыл заңнамаға ұлттық баяндамашы институты енгізілді. Бұл институт адам саудасына қатысты ахуалды талдап, негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары қамтылған ұлттық баяндама әзірлейді.
Бұл институт өте маңызды. Ол барлық мәселені саралап, қоғамға қандай түйткілдер барын және оларды қалай шешу керектігін көрсетеді, – деді депутат.
Интернет жаңа қауіптерді күшейтті
Марат Башимов қазіргі таңда адам саудасының бірнеше түрі ерекше алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты. Оның ішінде жыныстық қанау, еңбек қанауы, қайыршылыққа мәжбүрлеу және адам ағзаларын заңсыз сату бар.
Оның пікірінше, интернеттің қарқынды дамуы қылмыскерлердің әрекет ету тәсілдерін де өзгерткен.
Интернеттің дамуы бір жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан, әсіресе кәмелетке толмағандар үшін үлкен қауіп төндіріп отыр, – деді ол.
Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді
Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарына өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік қатаңдатылған.
Башимовтың айтуынша, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартқаны үшін жаза 12 жылға дейін, ал балалар саудасы үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл қылмыстар әлемнің барлық елінде ең ауыр қылмыстардың қатарына жатады. Сондықтан заңнаманы қатаңдаттық, – деді депутат.
Шетелге жұмысқа шыққанда сақ болу қажет
Депутат азаматтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде барынша мұқият болуға шақырды.
Оның айтуынша, адам саудасының құрбандарының көбі жоғары жалақы туралы жалған уәдеге сеніп қалады. Кейін олардың құжаттары тартып алынып, мәжбүрлі еңбекке жегіледі.
Оларға айына мыңдаған доллар табыс табасың деп уәде береді. Бірақ барған соң төлқұжатын алып қояды. Шетелде қалған адам не істерін білмей, ақырында құлдыққа түсіп жатады, – деді Башимов.
Осыған байланысты туристік компанияларға азаматтарды баратын елдегі қауіп-қатер туралы алдын ала ескерту міндеті жүктелгенін де атап өтті.
Заң ғана емес, қоғамның қырағылығы да маңызды
Марат Башимов адам саудасына қарсы күресте заңнаманы күшейту жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағытта мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы және халықты кеңінен ақпараттандыру ерекше маңызды.
Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытын дәйекті түрде жалғастырып келеді. Бірақ бұл күресте заңмен қатар қоғамның да қырағылығы аса маңызды, – деп түйіндеді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін СІМ адам саудасының алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіп жатқандарын айтты.
Сондай-ақ, ІІМ Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркеліп, екі ұйымдасқан топ әшкереленгенін хабарлады.