21 Тамыз 2026, 13:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Бұл – үлкен жетістіктер саясаты»: Казанцев Қазақстанның сыртқы саясаты туралы

Орталық Азия бойынша сарапшы, Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцев Қазақстанның сыртқы саясатын «үлкен жетістіктер саясаты» деп бағалап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасымен де байланыстырды. Бұл туралы ол Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижелерді саралаудан – жаңа күн тәртібіне» атты National Think Tank Forum барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның өзгеріп жатқан халықаралық жүйедегі орнына тоқталған Казанцев көпвекторлы сыртқы саясат елдің маңызды стратегиялық ресурсы болып қала беретінін айтты.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын қазіргі әлемде жүргізу оңай емес. Сонымен қатар оны саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың маңызды стратегиялық ресурсы ретінде қарастыруға болады. Қазақстанның серіктестері қатарында Шығыс пен Батыстың жетекші елдерінің барлығы дерлік бар екені белгілі. Қазір олардың көбі бір-бірімен бәсекелесіп немесе қақтығысып отыр. Сондықтан мұндай жағдайда көпвекторлы бағытты сақтау өте күрделі. Бұл тепе-теңдікті жоғары кәсіби деңгейде ұстап тұруды, белсенді сыртқы саясатты және сыртқы, экономикалық әрі ішкі саясаттың өзара тығыз байланысын талап етеді, – деді Андрей Казанцев.

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстан бір мезгілде жаһандық тәуекелдермен бетпе-бет келіп қана қоймай, өзінің халықаралық рөлін күшейту үшін жаңа мүмкіндіктерге де ие болып отыр.

Біз өзара санкцияларды, протекционизм мен оқшауланудың күшеюін көріп отырмыз. Мұның бәрі ашық жаңғыру саясатын жүргізіп отырған Қазақстан үшін үлкен сын-қатер. Бірақ сонымен бірге бұл – мүмкіндіктер терезесі. Сын-қатерлерді мүмкіндікке айналдырып, оны пайдалану қажет. Соның ішінде Қазақстанның осы уақытқа дейін көптеген қақтығысты жағдайдан сәтті өтіп келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясатын одан әрі дамытуға болады. Бұған қоса, қазір Қазақстан орта держава ретінде қарастырылады. Бұл елдің қақтығысушы мемлекеттер арасындағы түрлі диалогтарға арналған алаң ретіндегі рөлін арттырады, – деді профессор.

Казанцев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің сыртқы саяси бағытын қалыптастырудағы рөліне де жеке тоқталды.

Мен айтқан көптеген үрдіс Қазақстанның сыртқы саясатында қазірдің өзінде көрініс тапты. Бұл – үлкен жетістіктер саясаты. Ашық айтсақ, оның елеулі бөлігі Президент Тоқаевтың тұлғасымен байланысты. Ол – полиглот, түрлі мәдениеттер мен өркениеттерді жақсы білетін және диалог орната алатын адам, – деді сарапшы.

Казанцевтің айтуынша, теңгерімді дипломатиядан бөлек, Қазақстанның қазіргі әлемдегі позициясын нығайтуға мүмкіндік беретін өзге де ресурстары бар.

Теңгерімді дипломатиядан бөлек, Қазақстанда қазіргі жағдайда пайдалануға болатын бірқатар ресурс бар. Соның бірі – географиялық орналасуы. Қазір әлемде көптеген қақтығыс жүріп жатыр. Олар Қазақстан мен Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алмайтын Орталық Азияның басқа елдері үшін елеулі сын-қатер туғызады. Әсіресе Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, Шығыс Еуропадағы қақтығыстар мен АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық бәсекелестік аясында бұл мәселе өзекті, – деді ол.

Казанцевтің сөзінше, Қазақстанның мықты тұстарына табиғи ресурстар, цифрландыру, жасанды интеллект, ашықтық мәдениеті және жас адами капитал да жатады.

Еске сала кетейік, саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстан соңғы бес жылда прагматикалық саясатқа бет бұрғанын атап өтті. Ол мемлекеттік басқарудың институционалдануы, саяси кадрлардың жаңаруы және қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі туралы айтты.