Бүгін – Дүниежүзілік АИТВ-ға қарсы күрес күні
1 желтоқсан – Дүниежүзілік АИТВ-ға қарсы күрес күні, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта Қазақстанда АИТВ-инфекциясымен сырқаттанушылықтың тұрақтанғаны байқалып отыр. Елдің мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарының бірлескен жүйелі шаралары АИТВ-ға қарсы іс-қимыл бойынша өзінің әсерін және нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты.
Соңғы бес жылда мынадай маңызды көрсеткіштердің төмендеуі байқалады: ЖИТС-тен өлім-жітім, 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық, үш берілу жолының екеуі – инъекциялық есірткіні қолдану кезінде парентеральды (қан арқылы) және анадан балаға жұғу.
Орташа әлемдік көрсеткіш 0,7% кезінде Қазақстан 15-49 жас аралығындағы халықтың 0,3% таралуымен АИТВ індетінің шоғырланған сатысында тұр (әлемде АИТВ-мен өмір сүретін 39 млн адам). АИТВ-инфекциясы негізінен халықтың негізгі топтарында (ХНТ) және олардың айналасында шоғырланған. Жыл сайын елде халықтың 10%-дан астамы тексеріледі. Бүгінгі күнде АИТВ-инфекциясы індетінің диагнозы енді өлім-жітімге апаратын ауру емес. Қазіргі заманғы медицинаның жетістіктерінің арқасында ДДҰ АИТВ-ны созылмалы жұқпалы ауру деп таныды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар (АӨА) антиретровирустық терапияны (АРТ) қолдана отырып, ұзақ және сапалы өмір сүре алады, отбасылары мен дені сау балалары бола алады, - деп айтты Роза Қожапова.
БҰҰ-ның 2021 жылғы Саяси декларациясының мақсатын және ЮНЭЙДС 95-95-95 мақсаттарын орындау шеңберінде Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87 пайызы өздерінің АИТВ - мәртебесі туралы біледі, оның 87 пайызы АРТ қабылдайды, 88 пайызында вирустық жүктеме төмендеген. ҚР-да ДДҰ ұсынған профилактикалық бағдарламалардың барлық 12 бағыты енгізілді.
Роза Қожапованың айтуынша, ЮНЭЙДС-тің Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған Бүкіләлемдік науқанының ұраны «Көшбасшылық – қоғамдастықтарға». ҮЕҰ - АИТВ-инфекциясын еңсеру бойынша мемлекеттің тұрақты серіктесі. Қоғамдастықтар емделуші адамдарды денсаулық сақтау қызметтерімен байланыстырады, сенімділікті арттырады, инновацияларды енгізеді, саясатты жүзеге асыруды және қызмет көрсетуді бақылайды.
Аутрич қызметкерлері мен еріктілердің ХНТ ортасына қолжетімділігі жақсы. Олар профилактикалық іс-шаралар мен жедел тестілеу жүргізеді, презервативтер мен шприцтер таратады, диагнозды түпкілікті растау үшін ЖИТС орталықтарына жібереді.
Елде бір жыл ішінде әлеуметтік келісімшарттың арқасында негізгі топтармен жұмыс істейтін және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алған ҮЕҰ саны 4 өңірде 5-тен 10 өңірде 14-ке дейін өсті. 2023 жылдың 10 айында ҮЕҰ қатысуымен АИТВ-инфекциясының 158 жағдайы анықталды. ҮЕҰ-ның неғұрлым белсенді қатысуы АИТВ-ға қарсы жауап ретінде күш-жігерге қол жеткізуде мемлекет жүргізетін шаралардың тиімділігін арттыруға соғұрлым ықпал етеді.